- Негізгі бет
- Психология
- Көшбасшылар күнді қалай...
Көшбасшылар күнді қалай бастайды?
Таңертеңгі әдеттер күндіз жұмыстың өнімді болуына әсер етеді. Табысты адамдар күнді өнімді өткізу үшін белгілі бір әдеттерді, қатаң күн тәртібін ұстанады. Назарыңызға белгілі жеті кәсіпкердің күнді қалай бастауға болатындығы және тиімді болу үшін қандай әдеттерден бас тарту туралы кеңестерін ұсынамыз.
"Тағы бес минут" деген смартфон оятқышын қоймау
Таңертең "жеткілікті ұйықтауға" тырысу және "тағы бес минут ұйықтаймын" деген сылтаумен телефон оятқышын қою – бұл табысты бизнес басшылары ешқашан жасамайтын әдет.
"Табысты адамдар арасында телефон оятқышын қайта қоятындарды таба алмайсыз. Бұл өзіңізге берген уәдеңізді – белгілі бір сағатта ояну туралы келісімді бұзуды білдіреді. Табысты адамдар уәдеде тұру, әсіресе оларға берген уәде тиімділіктің басты факторы екенін біледі", - дейді Birdsong-тің негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Моника Снайдер.
Ұйқыдан оянғаннан кейін телефон ақтаруды доғарыңыз
Күннің жақсы басталуы мен қажетсіз нәрселерге алаңдаудың айырмашылығы – ойдың айқындығы мен шоғырлануында және жоспардың жақсы құрылуында. Таңертең ояна салып барлығымыз істейтін зиянды әдеттердің бірі – телефон ақтару, электрон поштаны, әлеуметтік желілерді, жаңалықтарды тексеру", - дейді Common Giant-тың негізін қалаушы Филип Окли.
Оның айтуынша, мұндай жұмыстың барлығы өз уақытында жасалуы керек екен.
Күнді жоспарсыз бастамау
"Күнделікті жұмыс жоспарын құру – кәсіпкерлер үшін маңызды әдет", - дейді GTIF Capital серіктесі Дэвид Чен.
Оның айтуынша, жұмысты жоспарлау оң энергияны сақтауға және стресстен аулақ болуға көмектеседі, уақытты реттейді.
"Жаңа жұмыс күнінде қандай тапсырмалар бар екенін нақты білу маңызды. Жоспарланған күн жоспарланбаған күннен әлдеқайда тиімді", - дейді Чен.
Спортпен айналысу
MonsterInsights компаниясының негізін қалаушы Крис Кристофф таңертеңгі жаттығулар денсаулық кепілі ғана емес, жұмыста да нәтижелі болуға мүмкіндік беретінін айтады.
"Дене шынықтыру мен физикалық денсаулық қатаң тәртіп пен жоспарлауды қажет етеді. Жаттығу арқылы денсаулығыңызды жақсартуға ұмтылу мансапта тәртіпті болуға көмектеседі", - дейді Кристофф.
Телефон қоңыраулары
Be Inspired PR-нің негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Лейла Льюис таңертең телефонмен сөйлесуден бас тартатынын айтады.
"Күнді қоңыраулармен бастаудың орнына, өнімді адамдар уақытты жоспарлаумен айналысады", - дейді ол.
Басқалардың ісіне назар аудару
"Егер сіз өзіңіздің басымдықтарыңыздың орнына басқаларға назар аударсаңыз, сіз ешқашан мақсатқа жете алмайсыз", - дейді Designli директоры Кейт Шилдс.
Көшбасшы адамдар өзін қайда бағыттайтынын және неге назар аудару керегін біледі. Олар қымбат уақытын біреудің әлеуметтік парақшасын қарау сияқты істерге жұмсамайды.
Өткенді жиі еске алу
Virtus Flow негізін қалаушы Риккардо Конте бұрынғы қателіктер мен шешімдерге байланбаудың маңызды екенін айтады.
"Әр таң – бұрын-соңды болып көрмеген нәрселерді жасаудың және жаңа жетістіктерге жетудің жаңа күні. Егер сіз оянғаннан кейін кеңседе қалған аз жұмыс туралы ойлана бастасаңыз, онда сіз жаңа міндеттерге назар аудара алмайсыз. Мазасыздық ұйқыға әсер етеді. Қажет емес ойлардан арылыңыз, оянған кезде тек артқа емес, алға ұмтылыңыз", - деп кеңес береді Риккардо.
Т. Раушанұлы