- Негізгі бет
- Психология
- Коронавирусқа қатысты мазасыздықтан...
Коронавирусқа қатысты мазасыздықтан құтылудың 5 жолы
Коронавирус пандемиясы бір адамның не мың адамның ғана емес, бар әлемнің өмірін өзгертті. Осының салдарынан көбін қорқыныш сезімі мазалайды. Өз денсаулығынан бөлек, кім-кім де туғандары үшін, олардың амандығы үшін уайымға берілген. Психолог мамандар осыған орай бірнеше кеңес береді.
Өзіңізге көңіл бөліңіз
Мазасыздыққа бой алдырған адам өзін ең алдымен ұмытып кетеді. Психиканың саулығын сақтау үшін әдеттегідей 7 сағаттан кем ұйықтамау керек. Қабат үйде тұратындар спортпен шұғылданып, карантинді жер үйде өткізіп жатқандар күнделікті шаруамен айналысу арқылы өзін алаңдата алады. Физикалық жаттығу психологиялық пайда да әкеледі. Сүйікті ісіңізбен шұғылданыңыз.
Таза ауамен тыныстаңыз
Сыртқа шығып серуендеу сіздің бойыңыздағы мазасыздықты одан әрі арттыратын болса, терезені ашық қалдырыңыз. Немесе балконға шығып, сәл тыныстаңыз.
Үйдің маңындағы аллея не паркке бара қалсаңыз, көшедегі адамдардан кем дегенде 1,5 метр алшақ жүріңіз.
Күні бойы экранға телмірмеңіз
Күні бойы бағдарлама, кинофильм немесе концерт көріп отыра беруге болады. Бірақ, әлсін-әлсін жаңалықтар порталына кіріп, коронавирус туралы сағат сайын жазылып жатқан мақалалардан жаныңыз түршігетін болса, мұны тоқтатқан жөн. Қалай болғанда да таң атысымен гаджетке қарап отыру жақсылыққа әкелмейді. Ұйықтардан екі сағат бұрын да осы ережені есіңізге түсіріңіз.
Сәл тынығып алыңыз
Жан тыныштығын іздеу жолында он жылдық тәжірибесі бар йог немесе медитация шебері болудың қажеті жоқ. Жай ғана үйдің тірі жансыз бос бұрышын тауып, сол жерде біраз отырып, ойыңызды жинақтаңыз. Теңіз жағасында серуендеп жүргендей күйге түсуге тырысыңыз.
Адамдармен тілдесіңіз
Иә, карантин кезінде өмір бойы бар қиындығыңызды бөлісіп, оның шешімін табуға көмектесіп жүрген жақын досыңызбен кездесудің өзі арманға айналды. Десе де технология дамыған заманда бұл аса үлкен қиындық тудырмайтыны анық. Видеочаттар арқылы да социуммен байланыс орнатуға болады. Сол себепті туғандарыңыз бен достарыңызға уақыт бөліңіз. Әсіресе, сізге жақсы ықпал ететін, әр сөзі көңіліңізге жағатын адамдармен жиі тілдесіңіз.
А. Оралқызы