Көпшіліктің назарын аударудың әдістері

Көпшіліктің назарын аударудың әдістері
Фото: smart-course.ru

Көпшіліктің алдына шығып сөз сөйлейтін шешеннің басты мақсаты тыңдаушыларды айтып тұрған нәрсесіне сендіру болуы керек.

Тәжірибесі мол шешендер миллиондаған адамның жүрегін жаулап, сеніміне кірген. Бірақ олар мұндай нәтижеге бірден жеткен жоқ. Жылдар бойы дайындалып, жаттықты.

Тыңдаушының назарын аудару үшін не істеу керек?

Баяулау
Адам ойын мейлінше тез бөліскісі келеді. Алайда бұл айтар сөздің салмағын азайтады. Мұны түсіну үшін жақсы шешеннің көпшілік алдындағы сөзін тыңдаңыз: салмақты ой, баяу әңгіме. Әр сөйлемді жазып алуға да үлгересіз. Міне, сіздің де сөзіңіз дәл сондай болу керек. Асықпаңыз. Баяулап, әңгімені бәсеңдетіп баяндауға тырысыңыз. Асықпай сөйлейтін болсаңыз, әңгімеңіз тыңдарманға толық жетеді әрі сіздің де қобалжуыңыз басылады.

Кідіріс
Көбі сөйлеп жатқан кезде «эээ» деп кідіріп қалады. Бұл әдеттен арылу оңай. Үйде жаттығу барысында «эээ» деп айтайын деп жатқаныңызда дереу тоқтап, іштен айтыңыз. Бұл әдеттен толықтай арылу мүмкін емес. Ол адамның бейсанасының беретін сигналы. Тек іштен айтып, сырттай әңгімені «бұзбауды» үйренуге болады.

Кідіріс не үшін керек? Адам ойын жинақтап, естіген ақпаратты толық санаға сіңіру үшін сөйлеушінің арасында кідіріп, үндемей қалғаны жөн.

Үнсіздік
Көбі сөйлесіп жатқанда үнсіз қалудан ыңғайсызданады. Егер тыңдаушыны сөйлеткіңіз не көңілін аулағыңыз келсе, үндемей қалыңыз. Сонда ол кідірмей, әңгімені жалғастыруға тырысады.

Қимылдау
Тыңдаушының назарын аудару үшін сөйлеу барысында әрі-бері жүріңіз. Баяу жүріп, әңгімені жалғастырсаңыз, алдыңыздағы адам бейсаналы түрде сізді мұқият тыңдап, артыңыздан еруге мәжбүр болады. Бұл әдісті біреумен бетпе-бет сөйлесіп тұрғанда қолданып, тексеруіңізге болады.

Әңгімені «безендіру»
Сөйлеуші әңгімесін бір қалыпта, бір дауыспен баяндайтын болса, тыңдаушының қызығушылығы жоғалып, ұйықтап қалуы мүмкін. Бұл талай рет дәлелденген. Не істеу керек?

- Дауыс ырғағын өзгерту. Кейбір сөздерді ақырын, жай айтыңыз. Дауыстап айтылған сөзден гөрі жай айтылған сөзді қабылдау жеңілірек.

- Баяулау, тездету: сөздеріңіздің «жылдамдығы» да бір қалыпты болмауы керек. Кейбір сөйлемдерді тез, кейбірін тым баяу айтып көріңіз. Жоғарыда аталған «баяулау» әдісін қолданғанда бір мезетте тез сөйлеп кеткеніңізде тыңдаушы сөзіңізді мұқият тыңдап, түсінуге ынтығады.

Ф. Абилова