- Негізгі бет
- Психология
- Көпшілік алдында сөйлеу...
Көпшілік алдында сөйлеу өнерін меңгерейік!
Көпшілік алдында сөйлегенде қай-қайсымыз болсақ та уайымдап, қорқыныштың бойымызды билеп алуына жол береміз.
Бонапарт былай деген екен: "Кімде кім дұрыс сөйлей алмаса, соның мансап жолы да дамымайды". Рас қой? Бірақ мына заманда техника бұл олқылықтың да орнын толтырып жүр: түрлі слайд-шоулар, кестелер, суреттер...
Дегенмен осы құралдарға сеніп алсаңыз – ешқашан да шешен бола алмайсыз!
Америкалық белгілі коуч бір сөзінде: "Спикер өз сөзін түрлі слайдтар мен кестелер арқылы түсіндіре беретін болса, тыңдарман оны түсіне бермейді", - дейді. Себебі адам екі бірдей іс-әрекетті тыңғылықты атқара алмайды. Нәтижесінде ой тыңдаушысына толықтай жетпейді. Абыройы асқақтап тұрған тағы бір оратор Скотт Беркун де осы ойды құптайды: «Тарихтағы ең керемет сөйленген сөздерді еске түсіріп көрейікші. Олардың ешқайсысында да слайдтар мен басқа да реквизиттер болмаған».
Шешен сөйлеуге арналған 5 көмек:
Бірінші көмек: тыңдармандардың проблемасын шешіңіз.
Аудиторияңызды мазалаған сұрақтарға жауап беріңіз. Өз сөзіңізді де осы проблеманы сипаттаудан бастаңыз. Осы арқылы өзіңіздің біліміңізді көрсетіп, тыңдармандардың назарын өзіңізге аударасыз. Осыдан кейін сол мәселелердің шешу жолдарын айта бастаңыз.
Екінші көмек: тезистерді қысқартып алыңыз.
Көпшілік сөйлеушінің қателігі – айтқысы келген сөзін бірден, жалпылама айта салуы. Өз сөзіңіздің ішіндегі артықтарын алып тастап, тек негізін қалдырыңыз. Айтқыңыз келген ойды бастапқыда бірнеше мәрте қайталап алыңыз. Егер сіздің сөйлеген сөзіңіз тыңдарманға қызықты болса, қалған мәліметті олар өздері-ақ тауып ала алады.
Үшінші көмек: оқиғаны баяндап беріңіз.
Адамдар оқиға естігенді жақсы көреді. Мұны адамдардың интернетте көп отырып, әлдекімдердің оқиғасын оқығанды сүйетінінен-ақ білуге болады. Адам ақпаратты түсіну үшін оған мысал ретінде оқиға қажет, сол арқылы мәселені бірден түсініп алады. Өз сөзіңізді бас-аяғы бүтін оқиға етіп құрастырыңыз. Сіздің сөйлеуіңіз адамдарға жаңа эмоция мен артық білім беруі тиіс.
Төртінші кеңес: ақылгөйсімеңіз.
Айтар мәтініңізді қағазға жазып алып оқып тұрмаңыз. Ең қызықты сөз – бұл экспромт. Тыңғылықты дайындалған экспромт болуы тиіс. Айтар мәселеңізді бірнеше бөлікке бөліп алыңыз да жаттаңыз. Егер өз сөзіңізді өзіңіз түсініп тұрсаңыз – мәтінге қараудың еш реті жоқ. Егер мәтінді жатқа айтамын десеңіз, 99% жағдайда ұмытып қалып, күлкіге айналасыз.
Бесінші көмек: тәжірибе жасаңыз, тәжірибе жасаңыз және тәжірибе жасаңыз!
Сөйлейтін сөзіңізді айна алдында тұрып пысықтаңыз. Сосын жақын адамдарыңыздың алдында сөз сөйлеп дайындалыңыз. Олардың қай сөзіңізге күлгенін, қай сөзіңізді мән беріп тыңдағанын, қай кезде ұйқысы келгенін бақылаңыз. Қай тұста салмақты сөйлейтініңізді, қай тұста жеңіл, яғни әзілмен сөйлейтініңізді ойланыңыз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: lifehacker.ru
А. Құлтай