- Негізгі бет
- Психология
- Көңіліңді көтер, құрбым!...
Көңіліңді көтер, құрбым!
Соңғы кездері көңіл-күйің болмай жүр ме? Емтиханнан нашар баға алып, ісің алға баспады ма? Досыңмен ренжісіп жүрсің бе? Жақын құрбыңмен ренжісіп қалдың ба? Еңсеңді түсірме! Бойыңды тік ұста! Көңілді қалай көтеруге болатыны жайлы айтар кеңесіме құлақ түр, құрбым!
Жаңа істі баста! Біліміңді арттыр!
Тіл үйрену, қолөнер, сурет салу, ас дайындау сияқты дәрістерге жазылып, біліміңді толықтыр. Сенің ой-өрісің кеңейіп қана қоймай, жаңа достарыңның қатары арта түседі. Жаңа ортада адамның көңіл-күйі көтеріліп, ол әрдайым өзін жақсы сезінетін болады.
Кітап оқы!
Кітап дүкеніне барып, жаңа шыққан кітаптармен таныс. Жаңа авторлардың шығармаларына көңіл бөл. Үйдегі кітапханаға шолу жаса. Бәлкім, арасында сен оқымаған кітаптар бар шығар. Кейбір кітаптарды қайта оқып шық.
Адам көркі – шүберек!
Осы мақалды есте сақта. Өз киімдеріңе көз сал. Ескі, тозып кеткен, сыймай қалған киімдерді таратып жібер. Орнына жаңа киім сатып ал. Өз стиліңді ауыстыр. Қара түсті киімдердің орнын ашық түсті киімдермен алмастыр.
Өз ойыңды жүзеге асыр!
Көптен бері айта алмай жүрген әңгімелерің мен ойыңдағы жоспарларыңды дос-құрбыларыңмен бөлісе отыр. Олардан ақыл-кеңес сұра. Алға қойған мақсат-міндеттерге қол жеткізуге тырыс. Ойда жүрген жоспарларды жүзеге асыр! Шатасып кетпес үшін барлық ойыңды жинақтап, қағазға түсір. Ең маңыздыларын басқа параққа рет-ретімен түсіріп, оларды біртіндеп іске асыруды қолға ал!
Түймедейді түйедей етпе!
«Сәтсіздікке ұшырадым» деп рухыңды түсіріп, қайғырма. Бұл өмірде барлығы өткінші. Шешілмей жатқан түйінді шешуге тырыс. Сан сауалдарға жауап ізде. Оның «үлкен бақытсыздық» дей көрме. Көңіл-күйің құлазыған сәтте ата-әжеңе қонаққа бар, жүздесе алмай жүрген құрбыларыңмен кездес, ағайын туыстардың үйіне барып, қал-жағдайларын сұрап қайт.
Ішіңде сақтама!
Ешуақытта ештеңені іште сақтама! Досыңа хабарласып, мұң-шеріңді айт. Ана, әпке, жеңгелеріңмен сырлас. Ақыл-кеңестерін тыңда. Егер ұялып, айтуға батылың жетпесе, өз ойыңдағы реніш-наланы өз-өзіңе айт. Ол үшін қолыңа қағаз бен қалам алып, ойыңды жинақтап жаз. Қате жіберіп аламын, жазуым нашар деген ойлардан аулақ бол. Бұл хатыңды өзіңнен басқа ешкім оқымайды. Сондықтан да еш қысылмастан іске кіріс.
Мақтанып, марқайып қал!
Құрбыларыңа жаңа алған киімдерің жайлы айтып, мақтан. Әріптестеріңе демалысты қалай және қайда өткізгенің жайлы айтып, мақтан. Ата-анаңа сабақтан «бес» алғаныңды я жұмыста басшылықтың саған риза боылп жүргенін айтып, мақтан. Мақтаншақтық - көпшілік сөз ететіндей жаман әдет емес. Ол алға итермелейтін жақсы қасиет. Мақтану арқылы адам өзін-өзі тәрбиелеп, өзге де жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылады. Тек әр нәрсенің өз шегі бар екенін есіңнен шығарып, асыра мақтанып жүрме!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: girls.gdefon.ru
Ғ. Ұзақ