Сырт қарағанда өмірде, үйде, жұмыста (не сабақта) барлығы да жақсы. Айналаңыз тымық, барлығы да кез келген нәрсеге түсіністік танытады. Сөйте тұра кейде қысқа күнде қырық құбылып, көңіліміз өз өзінен құлазып, аяқ астынан жүзімізді мұң торлап алатын кездер болады.
Негізінен ешкім себепсізден себепсіз мұңаймайды. Көңіл күйіміз қас пен көздің арасында қайда ғайып болуы мүмкін екенін қарастырып көрейік.
Бірсарынды өмір. Жайыңыз жаман емес, тұрақты жұмысыңыз бар, не киемін, не ішемін демейсіз. Бірақ ешқандай артық эмоциясыз, еш қиналыссыз күнделікті қайталана беретін бір дағдылы өмір де адамды тез жалықтырады. Ал психологияда күйзеліс адамға шынайы өмірдің дәмін сезініп, барын бағалауы үшін берілетіні дәлелденген.
Шешімі. Бұрын соңды айналыспаған іске кірісіңіз. Жұмыстан кейін уақыт бөліп көптен көріспеген достарыңызбен кездесіңіз. Парашютпен секіру, шаңғы тебу, кәуап пісіру тәрізді істермен өзіңізді алаңдатыңыз. Ал жұмыс барысы ондай артық қадам аттауға мүмкіндік бермесе, жұмысқа қатысты жаңа жоба не өзге тың дүние ойлап табыңыз. Өзіңізге ашқан жаңалығыңызбен біраз әуреленіп, мұңаю жөнінде ойлауға мұршаңыз келмесі анық.
Қоғамнан алыстау, адамдармен араласпау. Бір жұмысты аяқтай сала, соңынан іле шала күтіп тұратын екінші жұмысты аяқтай алмай, мұрныңыздан шаншылып жүргенде кей адамдардың бет-жүзін де ұмытып қала жаздаймыз. Ал қоғамнан жырақта қалғанын сезіну, көпшілікпен араласпау, әсіресе, әйел затына өте ауыр тиеді. Өмірде өзіңді ешкімге керексіз сезінуден артық жаман сезік жоқ.
Шешімі. Қайда барсаңыз да қолыңыздан түспейтін телефонды осындайда неге күйзеліске қарсы қолданбасқа? Әлеуметтік желіге кіріп, қалаған адамыңызға, тіпті бейтаныс жанға жазып, сыр ақтарыңыз. Жақын құрбыңызға не анаңызға хабарласып, шер тарқатыңыз.
Отбасындағы мәселе. Күйеуіңіз не жігітіңізбен қарым қатынасыңыз, былай қарағанда, тым жақсы. Бірақ, неге екені белгісіз, оның қандай әрекеті болса да сіздің жүйкеңізге тиеді. Оны көргенде өз өзіңізден тыжырынып, тырнақ астынан кір іздеп отырасыз. Сізге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмейтіндей көрінеді. Осыдан жек көру сезімі, өкпе-реніш, мұңға бату басталады.
Шешімі. Жаныңызға қаяу салған жанды жеке әңгімеге шақырып, іштегінің барлығын ақтарып салыңыз. Оның не сіздің көңіл күйіңіз болмағанда қалай әрекет ету керегін ақылдасып шешіңіз. Оған кешкі не түнгі мезгіл жақсы, осы кезде адам өзгеше ашыла түседі. Олай етуге зауқыңыз соқпаса, бар ойыңызды, өкпе-налаңызды қағазға жазыңыз. Жұптық өмірге де өзгеріс енгізіп, айына бір рет жаңадан өзгеше кездесу жасап тұруға шешім шығарыңыздар.
Барлығы да адамның өз ойына байланысты. Мұңайып жүре бергіңіз келе ме, күйіңізді өзгерткіңіз келе ме – бәрі де өз қолыңызда. Сырттан көмек күтіп жүре бергенше, өзіңізді өзіңіз қолға алыңыз.