Осыдан біраз жыл бұрын Англияның Бирмингем университетін бітірген соң, Германияның Берлин қаласында жұмысқа тұрдым. Сол арада тұратын көне көз досымның ақылымен Берлиннің шағын тұрғындар аумағында бір ескі үйге жайғастым. Бұл өзі ұзақ жыл бойы ешкім қоныстанбаған, электр сымдары ескірген үй екен. Бәлендей қаупі бола қоймағанымен, пайдалану қатерлі көрінеді. Содан, электр сымын жөндейтін бір досымды көмекке шақырдым. Ол күндіз жұмыстан қолы тимейтіндіктен, түстен кейінгі бір демалыс сәтінде үйге келді. Үйге кірген жерден екінші дәрежелі электр инженері екенін таныстырып, куәлігін көрсетті. Мен оның иығынан қағып:«Сенің жұмыс қабілетіңе сенемін» деп күлімсіредім де, қойдым.
Ол шым-шытырық электр сымдарын жөндей бастады. Жұмысқа сондай мұқият екен. Тарам-тарам тоқ жолдарын ретімен тауып орналастырып жатыр. Оған еріксіз тәнті болдым.
Екі сағатқа жетпейтін уақытта тоқ жолдарын тап-тұйнақтай етіті. Мен ауыз жаппай, алғысымды білдіріп жатырмын.
Барлық заттарын жиыстырып, кетуге ыңғайланған ол қойынынан қалам-қағазын шығарды да:«Жөндеу ақысы 11 евро» деді. Сондай қалай? Таң-тамаша боп тұрмын. Сонда бұл тегін көмек болмағаны ма?! Қалайша ақы сұрайды?
Ол менде ешқандай ақы төлеу ниетімнің жоқ екенін аңғарды да, әлгі куәлігін тағы көлденең тартты: «Кешір, досым, мен демалыс уақытымды қиып, саған көмекке келдім. Демалыс уақытымды қиғаным – көмек. Бірақ еңбекақымды төлеуің керек. Өйткені, қолымдағы екінші дәрежелі инженерлік куәлігімнің қоғамдық құнын қорғау – менің міндетім. Осы саладағы өз әріптестерімнің қоғамдық құнына зиян жеткізуді қаламаймын!».
Мен істің жайын сонда барып түсініп, ақшасын төледім. Сол сәтте, тіпті, жомарттығым ұстап, оған осынау қызмет заңдылығын үйрету ақысын да қоса төлегім келді. Өйткені, ол маған «Бір адамның кәсіптік құны, сан-салалы кәсіптер, айта берсең, бүкіл қоғамдық құнмен де тыныстас болып жатады. Тек өзінің кәсіптік құнын қорғай білген адам ғана өзін аялай біледі» деген заңдылықты үйретті.
Міне, осыдан бастап мейлі қайда барсам да достарымнан өзім білмейтін мамандық түрінде көмек сұрай қалсам, қарымтасын қайтаруды естен шығармайтын болдым.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com