Қолымнан келеді!

Қолымнан келеді!

Кез келген қоғам көшбасшыға зәру. Әсіресе, бүгінгі алақұйын заманда ондай адамсыз алға жылжу мүмкін еместей көрінеді... Олай болса, көшбасшы деген кім? Олар қалай ойлайды? Артықшылықтары неде? 

1. Көшбасшылар тек қана тиімді амалдарды қолданады, себебі, ақылдың амалдарды қабылдайтындығын біледі. Және өздерін керекті жерде ұстай біледі. Мазасыз кезде оңды нәтижеге жету мүмкін емес.

2. Көшбасшылар мәселенің мәні мен мазмұнын зерделейді және сол мәселені қарапайым етіп көрсетуді мақсат тұтады. Егер жолбарысты мысықтың деңгейіне дейін кішірейтетін болса, қорқынышты қалпын жоғалтады. Адамдар түймедей мәселені түйедей ету арқылы қиындықты қолдарынан жасап алады емес пе?

3. Көшбасшылар күліп жүреді. Күліп тұрып, басқа жағымсыз жағдайды ойлап көріңізші. Қолыңыздан келмейді ғой, иә? Күлкі жоғалады немесе ой өзгереді. Бірақ мұны әдетке айналдыратын болсаңыз, қаншалықты оңайға түсетінін таңырқайтын боласыз.

4. Көшбасшылар салмақты болып көрінгісі келсе де, жүректерінің түбінде олай емес. Салмақты болмай-ақ қойыңыз. Салмақтылық маңыздылықты да, мәселенің мөлшерін де арттырып жібереді. Ал көңілділік керісінше, ахуалды төмендетеді, маңыздылықты азайтады, соңында бәрі оңай шешіледі. Маңғаздық ойлау жүйесін құлыптап тастайды. Тапсырма маңызды болған сайын, уайым да арта түспекші. Ал абыржулы кезде мәселені дұрыс әрі тез шешу мүмкін емес. Көшбасшылар мұны жақсы біледі және қоластындағыларға да жағдайдың салмақтылығын азайтып көрсетеді.

5. Көшбасшылар үлкен амал-тәсілдерді қолданады. Олар үлкен болжамдар жасайды және үлкен жоспарлар құрады. Ұсақ-түйек дегенді білмейді. Ал үлкен істер кез келген адамды қамшылайды, алға жетелейді.



6. Көшбасшылар келешекте жүретін жолды емес, жүріп өткен жолды байыптайды. Бұл мақсат үшін жарамды.  Егер, сіз жасау керек жұмыстың қанша қалғандығына үңіле беретін болсаңыз, көздеген мақсатқа жетпейсіз. Әлі жоқ нәрсені ойлағанда өзіңіздің энергияңызды тауысып, негативті күйге ене бересіз. Ал артқы жолға қарағанда, энергия қосыла түседі, бар нәрсе үшін қуанасыз, шабыттанасыз. Әрине, ол үшін бұрылғанда ұялмайтындай жақсы, сапалы жұмыстар жасалу керек.

7. Көшбасшылар бір жұмысты бастағанда қазіргісіне емес, болашақта қандай болу керектігіне назар аударады. Егер, ол істің гүлденгенін, биікке жеткенін көріп тұрса, барлық қиындықты жеңеді, жету үшін барын салады.

8. Көшбасшылар болып жатқан оқиғаларға оң қабақ танытады. Жағдай мәз емес болса да, оның жағымды тұстарын, пайдасын көріп тұрады. Әрбір оқиға келешектегі жемістің дәнін себеді. Біздің өмір – бұл таңдаулар жүйесі.  Біз орын алатын жағдайларды, олардың қалай құрылатынын таңдай алмаймыз, есесіне оларды қалай қабылдауға болатындығын таңдай аламыз. Негативті түрде қабылдасаңыз, өзіңізге жағымсыз әсерлер қосып аласыз. Ал позитив арқылы алға қарай жылжуға керекті күшті жеңіп аласыз.

Ең бастысы – олар "Қолымнан келгенде, жасар едім" деп емес, "Қолымнан келеді және жасаймын!" дегенді көп айтады.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: nasledie.ru