Психологиямен сабақтас графология деген ғылым бар. Батыста оның дамығаны сонша, графологтарды кейбір компаниялар арнайы жұмысқа алады екен. Себебі, жаңадан қабылданатын қызметкерлердің мінез-құлқын олардың жазулары арқылы анықтап отырады. Кезінде КСРО-да графологтар қудаланды. Графалогияға қатысты барылық материалдарды өртеп жіберді. Керісінше, Америкада графологтарды қатты қолдаған. Қылмыстық істерде, қылмыскердің мінез-құлқын анықтау үшін олардың көмегіне жиі жүгініп отырады екен. Демек, графология белгілі бір орны бар ғылым. Графология грек тілінен аударғанда ά жазамын, ό үйренемін деген мағынаны білдіреді. Алғашқы графологиялық зерттеулер 1871 жылы Жан-Ипполит Мишонның (1806-1881) жазбаларында кездеседі. ІІ ғасырға жуық уақыт болды, графология қылмыстық іздестіру мен психологиямен біте қайнасып дамып келеді. ІІ ғасыр деп отырған себебіміз Еуропалықтар графалогияға сол уақыттан бастап ғылым ретінде қарай бастады. ХХ ғасырдың ортасына қарай бұл ғылым батыста қарқынды дамыды. Графологтар сіздің мінез-құлқыңызды қойған қолыңыз бен жазуыңызға қарап анықтайды. Сіздің қолтаңбаңыздың бағыты, ұзын-қысқалығы, әріптердің үлкен кішілігі, қайырылуы, ұшталуы, бір-бірімен жалғанған жалғанбағандығы әріптердің анық түскендігі, түспендігіне қарап мінез-құлқыңызды анықтап береді. Графологиялық кітаптарда жазылуынша, қолтаңба стандарт бойынша 1-2 сантиметр, әріптердің көлемі 0,5 сантиметр болуы керек екен. Қолтаңбаңыздың бағытына мән беріп қараңыз, тура ма, жоғары әлде төмен бе? Егер, қолтаңбаның соңы жоғарыға қаратылып бітсе, ол адам оптмизм иесі болып, кез келген өмірлік, тұрмыстық қиындықтарға шыдамды, болашақтан күдер үзбейтін болады екен. Қолтаңба тура болса бұндай қолтаңба иелерінің бойында оптимизм мен пессимизм тең болады. Айналадағы жағдайлар бұларға қатты әсер етпейді. Егер қолтаңбаның соңы төменге қаратылса қолтаңба иесінде пессимизм басым. Көркем өнерге қыры жоқ, өзіндік пікірі де жоқ. Өзгелердің пікірін мақұлдаумен өмір сүреді. Қолтаңбаның ұзын болуы мұндай қолтаңба иелері салмақты болады. Асыққанды тіпті де ұнатпайды. Ойлаған мақсатына жету үшін аянбай еңбек етеді. Сонымен бірге, айналасына үнемі сыни көзбен қарайды. Қолтаңбаның қысқалығы керісінше мұндай типтегі адамдар үнемі асығып жүреді. Сұқбаттасының сабырлы адам болғанын жақтырмайды. Бұларға сеніп тапсырылған іс әрқашан шала орындалады. Ұзақ уақытты алатын жұмыспен айналысу олардың ішін пыстырып жібереді. Олар үшін жұмыс емес, уақыт маңызды. Әріптердің көлеміне тоқталайық. Табиғатынан ынжық, айналасына талап қойғыш адамдардың жазуындағы бас әріптің үлкендігінің айырмашылығы басқалардан кәдімгідей сезіліп тұрады. Салмақты, сабырлы адамдардың жазуындағы бас әріп басқа әріптермен арасы қысқа кейінгі әріптерден айтарлықтай үлкен болмайды. Жанұяда ақылды, үнемшіл адамдардың қолтаңбаларының басы кіші әріптермен басталады. Ірі әріптермен, балалар сияқты басып, анық қолтаңба қоятындар қияли, аңқау, сенгіш болады. Иіріп, қырлы әріптермен сәндеп қол қоятындар көңілі бос, салмақты жүретін адамдар. Керісінше, тік, ұшты әріптермен қол қоятындар өз-өзін қатты жақсы көретін адамдар болады екен. Шиырлап қол қоятындар үнемі сыни көзқарастағы адамдар. Арасын жиі үзіп қол қоятындар қиялға берілгіш, адамдардың назарын өзіне қаратуды қалайтын, қоғамның алдында жақсы жағымен қалуға тырысатын адамдар.