Көктемнен не күтесіз?

Табиғатта көктемнің салтанат құруына да көп қалған жоқ. "Көктем шықса екен" деп жүргендер де жоқ емес. Бәрі көктемнен не күтеді екен? Ғашық болуды ма? Басқа мезгілде ғашық болу мүмкін емес пе сонда?

Көктемде бар табиғат қана емес, адамдардың ішіндегі бұғып, тоңып жатқан сезімдер де оянады. Үміт пен сенім бүршік атып, күдік ери түспек. Көктем - махаббат айы. Көптен бері томаға-тұйық қалыпта жүргеніңізді көктем шыққанда ғана сезінуіңіз мүмкін. Неге мен жалғызбын? Менің де бір бағыма жазылған жартым бар шығар деп ойлайсыз. 

"Неге олай?" деп таңдай қағудың еш қажеті жоқ. Бәрі де табиғат заңы. Аязды әкетіп, қарды ерітетін күннің шырайлы шапағы тек табиғатты ғана емес, ондағы тіршілік иелерін де жандандыра түспек. Көктемді асыға күтетін адамдар осы мезгілде қайта туылатындай, жаңа өмір бастайтындай. Күннің D дәрумені де жанымызды байытатындай болып тұрады. 

Көктемді күтпейтін тіршілік иесі жоқ шығар. Түннен кейін күннің келетіні сияқты қыс қылышын сүйретіп өтіп кеткенше көктемнің көлеңкесін күтіп жүреміз. Өйткені көктемнен жақсылық күтеміз. 

Көктемде қыз біткен құлпырып шыға келеді. Тіпті күн сайын көріп жүрген аруға "Бұрын қалай байқамағанмын?" деп таңданасыз. Бұл әдейі жасалатын құбылыс емес. Адамды өзгертетін де, құлпыртатын да мезгіл ғой. Көктемнің әсерінен айналасына нұр шашып, қыр гүлдеріндей жайнап жүрген қыздарға ғашық болмай көріңіз. 

Сонда біз көктемнен не күтеміз? Махаббат па? Жаңа өмір ме? Жаңа іс бастау ма? Отбасын құру ма?

Сіз көктемнен не күтесіз?

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: mail.ru