Қаһарлы қыстан әбден титықтап, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында күлімдеп көктем келеді.
Ата-бабамыздың данышпандығына еріксіз таңғаласыз: қазіргі тілмен айтқанда көктемгі күйзелісті жеңу үшін сезімді селт еткізетін Наурыз мерекесін ойлап тапқан. Соңғы сақтаған сыбағасын асып, көктеуде бас қосып, қыстан аман шыққандарын тойлаған. Әрі қарай той тойға ұласып, жалғасып кете берген. Осы бабаларымыздың жолымен біз де көктеммен бірге көңілімізді жаңартайық.
♦ Өзіңізге қуаныш сыйлайтын нәрсені табыңыз, яғни, хоббиіңіз қандай? Көптеген адам қатты күйзелістен кейін, бәрін тастап, бас ауған жаққа дүниеден баз кешіп, кетіп қалады. Одан гөрі егер сіз өз хоббиіңізді тапсаңыз, қолыңыз бос кезде сонымен айналысуыңызға, тіпті бірте-бірте соны бизнес көзіне айналдыруыңызға болады. Бизнесмендердің тарихына көз жүгіртсеңіз, оған көзіңіз жетеді.
♦ Ертеңгілік сергіту жаттығуларын жасаңыз. Денеңіздің құрыс-тырысымен бірге көңіліңіздің де тырысқаны жазылып, көңіл-күйіңіз көтеріледі. Ол үшін әдеттегіден 15 минутқа ертерек ояныңыз. Күн ұзарып келеді, таңмен бірге таласып оянатын шақ та жетті.
♦ Классикалық музыка не көңілге жағымды музыка тыңдаңыз. Құлағыңызды тесіп жібере жаздайтын ауыр музыкадан гөрі анаңыздың бесік жырына ұқсайтын жайлы саз әлдеқайда пайдалы. Домбыраның қоңыр үні, қобыздың сызылған үнінің сырларына үңіліңіз.
♦ Кітап оқыңыз. Адамның рухани өсуіне арналған кітаптар көп-ақ. Ғаламтордан оқыңыз не кәдімгі кітап сатып алыңыз. Бұл уақыт өткізу үшін емес, даналығыңызды дамыту үшін. Сондықтан әдеттегі кітап түрі ыңғайлырақ болар, өзіңізге қажетті тұсын қарындашпен сызып, белгілер қойып, талдап оқысаңыз, әлдеқайда пайдалы болары хақ.
Алдымен ғаламтор арқылы кітап авторларының өмірбаяндарымен танысып, олардың туындыларының қысқаша мазмұнын, жұрттың жазған пікірлерін оқығаныңыз оңды. Оқып болған соң өзіңіз де осы кітап туралы сыни пікір жазуыңызға болады. Ондағы айтылған қағидаларды іске асырып көріңіз.
♦ Әртістік рөлді орындаңыз. Кімге еліктейсіз? Кімге ұқсағыңыз келеді? «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, өзіңізге ұнайтын адамның рөлін сомдауға тырысыңыз. Бұл да өзіңізді басқа қырынан көруге көмектеседі.
♦ Ешқандай себеп-салдарсыз бір жақыныңызға (мәселен, Наурызға) сый жасаңыз. Екінші адамға тарту жасау арқылы да өзіңізге қуаныш сыйлай аласыз.
Жалғасы бар...
Сурет: ©Альбина Хан