Көктем сөзсіз махаббат кезеңі. Бұл кезде сүйгің де, сүйікті болғың да келеді. Ғашығыңызбен күнделікті қарапайым кездесулерден жалықсаңыз, қарым-қатынасыңызды түрлендіріңіз. Ал біз сіздер үшін осы көктемде міндетті түрде өткеру керек деген кездесулер топтамасын жинадық.
1. Таңғы ас не таңғы кофе
Көктемде қысқа қарағанда ерте ояну әлдқайда жеңіл. Сондықтан бір күні ертерек оянып, жігітіңізді не қызыңызды романтикалық кешкі асқа емес, таңғы кофеге шақырыңыз. Қала кофеханалары мен кафелері ерте ашылып, таңмен жаңа піскен бәліштер мен хош иісті кофе ұсынады. Жаңа атқан күнді сүйіктіңізбен қарсы алу сәтті күннің жақсы бастамасы болмақ.
2. Жанкүйерлер кездесуі
Қалаңыздың стадионында болатын футбол (не басқа спорт түрінің) ойынына екі билет алып, ғашығыңызбен бірге жанкүйер болыңыз. Бұған дейін спортқа қызығушылығыңыз болмаса да, бұл бастама екеуіңіздің қарым-қатынасыңызды одан әрі берік қылады, сондай-ақ көңіл-күйіңіз көтерілері анық.
3. Ролик немесе велосипед айдау
Осындай кездесу қызықты оқиғалар мен жаңа ашуларға толы болады. Ал велосипед не ролик тебе алмасаңыз, тіптен жақсы – жігітіңіз үйретсін!
4. Бақтағы кинотеатр
Қалаңызда даладағы ашық кинотеатр не автокинотеатр болмаса, өзіңіз-ақ таза ауадағы киносеанс ұйымдастырыңыз. Сүйікті саябағыңызға барып, өзіңізбен бірге аккумуляторы толы ноутбук пен оған жазылған киноны, тіскебасарлар мен сусындарды және астыңызға төсейтін көрпешені алыңыз.
5. Фото серуен
Әрине қазірдегі техниканың дамығандығы сонша, қызбен жүргендегі әр серуен фотосессияға айналады. Алайда бір күнді арнайы осыған бөліп, жақсы фотоаппарат алып, белгілі бір тақырыпқа арналған фото серуен жасаңыз. Мысалы, екеуіңіз барлық жерде бірдей тұрыспен суретке түсіңіз. Жаңа нәрсе ойлап табыңыз, ортақ тақырып екеуіңізді жақындатады.
6. Ойын-кездесу
Екінші жартыңызбен ойнап-ақ ол жайлы көп нәрсе: оның мінезін, жеңіске деген құлшынысын және сізге деген сезімін білуге болады. Бадминтон не фрисби, доп, теннис сияқты ойындардың көпшілігінен таңдаңыз. Таза ауамен дем алып, ойнап қайтыңыз, көңілге де жағымды, денсаулыққа да пайдалы.
7. Аспаздар
Сүйіктіңіз ас үй – тек әйелдердің мекені деп ойлайтын "жігіттердің" қатарынан болмаса, оған аспаздық сайысын өткізуге ұсыныңыз. Сайысу ұнамаса, бірігіп, бір мәзір әзірлеңіз. Айтпақшы біздің Аспаздық бөліміндегі мәзірлерді қолдануға болады.
8. Шоппинг
Жазға қарай гардеробыңызды жаңарту мақсатымен дүкен аралауға құрбыларыңызбен емес, жігітіңізбен барыңыз. Бірақ шоппингті ол үшін іш пыстырар, шаршататындай емес, оған да қызықты болатындай қылыңыз. Жігітіңізге де киім таңдауда көмектесіп өз кеңестеріңізді беріңіз.
9. Құстарға жем беру
Кез келген құстарға: аққуларға, үйректерге, көгершін мен кептерге жем беру өте романтикалық көрінеді. Осы кезді суретке түсіруді де ұмытпаңыз.
Қандай кездесу болмасын, сүйіктіңізге жақсы көңіл-күй, махаббат пен қамқорлық көрсетіңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com