- Негізгі бет
- Психология
- Көкшетау-Алматы рейсі...
Көкшетау-Алматы рейсі
Біз 2011 жылы сауда орталығында таныстық. Әйнекті үлкен лифттің ішінде екеуміз ғана болған едік. Мен үшінші қабаттан түсіп келе жаттым, ал 2-қабатта ол маған «қосылды». Кірген бетте көзім бірден бетіндегі тартымды жымиысына түсті. Есімін сұрай алмай, 10 секундтай қобалжып тұрдым. Әйтеуір ақырында қадам жасауға бел будым. Ол осылай таныса салатын заманауи қыздардың прототипі емес еді. Оның жайдарылығы, ақжүректігі және бала бейнесі мені әп-сәтте жаулап алды. Жақынырақ танысу үшін кофе ішуді ұсынып ем, бас тартты. «Одан да серуендесек қайтеді?» деп маған бала күлкісін тағы бір рет сыйлады. Мұнысына бір жағынан таң қалып, бір жағынан қуанып та қалдым. Ол бакалавриаттың 4-курсында оқиды екен, сурет салуды ұнататын көрінеді... Жұмбақ әрі өте қарапайым. Әйтеуір бұйырып, бізді Құдай қосты, бірге Жаңа Жылды қарсы алып, 14 ақпанды өткіздік. Оны шексіз сүйіп, онсыз өзімді елестете алмайтын болдым.
Жанымда болғанда сыйлаған көңіл-күйі ұнайды. Ер адам әйел затынан бірінші кезекте сенімділік пен ықыластылықты іздейді. Мұны одан бірден таптым.
Туған күні қарсаңында сыйлық жасамақ оймен теңізге 2 билет сатып алған болатынмын. Өзінің мұндай сыйлықтарды қабыл алуға әлі лайық емес екенін айтып, оларды өткізуімді сұрады. Қанша ызаланып, түсіндіруге тырысқаныммен, ештеңені тыңдағысы келмеді.
«Осы ақшаға анаңа гүл сыйлашы. Маған және өмірге сені сыйлағаны үшін рақметіңді айт» деп қана смс жіберген болатын.
Алғашында мына қыз есінен адасқан ба деп ойладым, кейін қалжыңдаған шығар дедім, бірақ, сосын айтқанындай жасадым. Анама 101 гүл шоғын сыйладым. Оның бет-әлпетін көрсеңіздер ғой. Қуанғанынан көз жасын төкті. Ананың ағыла төгілген қуаныштың көз жасынан артық әлемде ешнәрсе жоқ екен-ау...
Ол ғажап еді. Ол секілділерді өмірде тек бір-ақ рет кездестіруге болады. Жолың болса ғана.
Өткен жылдың желтоқсан айында әке-шешесімен басқа қалаға қоныс аударды. «Махаббат қашықтықпен өлшенбейді» дегендей қашықтық махаббатымызға кедергі бола алмады. Мен оны жан-тәніммен сүйдім. Сүйемін де. Тәулік бойы skype-пен сөйлесіп, агент, смс арқылы жазысып, телефонмен тынымсыз сөйлесетінбіз. Әр демалыс сайын көрісіп тұрғым келді, бірақ, бұл оның ойынша, «қаражат жұмсаудың тиімсіз әдісі».
Бір-біріңнен қашық болып қарым-қатынас құру адамның шын мәнінде саған кім екенін білуге көмектеседі. Өйткені біз жиі махаббат пен әдетті айыра алмай жатамыз. Әдеттен безуге болады, ал махаббаттан безу мүмкін емес... Осылайша оның мен үшін «бар әлем» екенін түсіндім. Енді міне, бастан кешкен соншама «азаптан» кейін маған ұшып келе жатыр. Менің 23-туған күніме.
Өзіме сыйлық жасап, әрбір қыздың арманын орындауды шештім. Жүзік алдым. Оған ұнайтынына сенімдімін. Бұл үлкен тосын сый болмақ.
Өткен күннің суреттерін мәпелеп сақтаған жүрегімнің есігін жауып, сағатқа қайта-қайта қараймын. 13:07. Таблода оның DV 760 рейсі – кешігіп келеді. Минуттар сағатша созылады, оны тезірек көргім келетіні-ай.
Уақыт мені өлімге жеткізердей менімен зәрлі әзілмен ойнайды. Күткен кезде әдейі баяу қозғалып, бақытты кезде зымырайды.
Ойымды ұялы телефонның даусы бөлді. Смс келіпті. «Енді міне, бірнеше минут... Сосын жаныңда боламын. Уәде беремін. Тұман болғаннан кейін қондырмай жатыр». Смс келсе, расымен де жақын арада болғаны.
«Сонда дәл қазір төбемде айналып жүр ғой», - деп әуежайға көз салып, зарыға күтіп тұрдым...
Дайындаған: Ерғали Елдос
Ақпарат көзі: vk.com
Сурет: dic.academic.ru
Ж. FM