Көкейімде - тереңдегі тамырым - 2

Көкейімде - тереңдегі тамырым - 2
Фото: Евгения Горобец

Адамның болмысы шындық пен өтіріктің арасында адасып жүреді. Бетпердесінің қалыңдығы соншалық кейде тіпті өзіне тән мінездің қандай екендігін ұмытады. Өмір сүруге жетелейтін сөздерді айтқан кезде, жүрегін бір өксік жұлмалап, ұялуға мәжбүрлейді. Жауапкершілікті талап етіп, бар істі қолға алатын сәтте қасқырдан қашқан қояндай жалтарады. Бұл айтылғандардың физикалық белсенділікке еш қатысы жоқ. Барлығы жан дүниеміздің саулығына қатысты айтылып жатыр. Қол жетпес дүниені жақсы көреміз. Бақыт құсын ұшқан кезде бірақ білеміз. Күн сайын шалыс бассақ та, кешірілмейтін істер жасаймыз. Ал үнсіздігіміз сабырымыздың шарықтау шегі. Үнсіз қалмаңыз. Үнсіздік тағдырдың тәлкегін шығарады.

Басы

Баға жетпес, құнсыз асыл деп нені айтамыз? Шынайылықты. Осы сезім өмір атты ұзақ жолда адам болып қалуға мәжбүрлейді. Кейде көп нәрсеге көз жұма қарайтын әдетіміз бар. Ол, сірә, бәрінен жалыққандығымызды білдіреді. Өмірдің әр сәті өз сабағын ұсынады. Ол сабақтың құны бәрінен де қымбат. 

«Мен сені сүйемін»

Бір-біріне деген сүйіспеншілік пен шексіз махаббат. Осы асыл сезім тарихтағы игі істердің жасалуына әсер етіп, саналы ұрпақ қалдырып, көп мемлекетті құтқарған еді.

Махаббат адам бойындағы ең ізгі қасиеттерді ашып, адамдарды мейірімді болуға үйретеді. Ода күш бар, сенім бар. Өзін сүйген ғашығы бар адамнан асқан бақытты жан жоқ шығар. Осы үш сөзден құралған тіркесті айту сондай қиын. «Мен сені сүйемін» деп айтқан кезде, өмір екі кезеңге бөлінеді. Мейлі алда қайғылы оқиға немесе бақытты шақ күтіп тұрсын, жүректегіні айтудан жалықпаңыз.

Барлығының шегі бар, жара жанға қатты батады. Егер жүрегіңіздегі сүйіспеншілік сезімі өзіңізді қоярға жер таппай, жаныңызды жегідей жесе, оны иесіне жеткізіңіз. Баст тартса, ауыр тиеді. Бірақ осыдан кейін жаңа өмірге қадам басасыз.

Ғашығыңыздың кез келген жауабы бүгінгі өміріңізге өзгеріс енгізеді. Ол қандай өзгеріс болса да, «Мен сені сүйемін» деген сөздерді барлығы да айта алуы тиіс. Біреу үшін бұл сөздеріңіз әлемнің жақұтымен тең.

«Маған көмектесіңіз»

Қателігімізді мойындаудан әлімізді білмей әлек болуды артық көретін сәттер болады. Жасымыз үлғайған сайын көмек сұрауға қысыламыз. Қоғам заманына сай өмір сүреді. Әлсіздер жартастан құлап, мықтылар оларға күш көрсетумен болады.

Қауқарымыз жетпейтінін мойындамасақ, ары қарай өмір сүруге қиналамыз. «Әлсізбін» деген бір сөз санамызға сіңіп, тығырыққа тірейді. Есіңізде болсын: біз әрдайым өзгенің көмегіне жүгінгенбіз. Мектеп қабырғасында, университетте де.

Өмір сіз бен біз ойлағандай емес. Қуанашы мен қайғысы қатар жүреді. Ал қай жолды таңдайтыныңыз өз еркіңізде.

Қ. Бүйенбай