Романтикалық кездесу - қызыққа толы, жүректі толғандыратын іс. Бірақ, кездесу ойдағыдай болмай, жігіт көңіліңізден шықпаса қайтесіз? Кездесуден қашудың амалдарын керек қылмайсыз деп сенейік, алайда оларды біліп жүрген жөн.
Әрине кездесуден өтірік сылтау айтып қашу - мақтанарлық іс емес. Бірақ жақында ғаламторда танысқан жігіт сіз ойлағандай болмаса, "ұнамадың" деп ренжіткіңіз келмей, алайда әрең шыдап отырсаңыз, басқа амалыңыз жоқ. Кішкентай өтірік бұл жолы ыңғайсыз жағдайдан шығуға көмектесе алады.
"Алло. Иә, не болды? Ойбу, әрине, қазір келемін!"
Уақыт тексерісінен өткен амал.
1-Сценарий: Анаңыз, әкеңіз қоңырау шалып, іздеп жатыр. Әрине сіз оларға кездесуім бар деп айтқан болатынсыз. Алайда үйге қонақтар келіп қалып, көмегіңіз керек болып тұр.
2-Сценарий: Бастығыңыз қоңырау шалып, кезексіз жұмыс тапсырды. Ертеңге дейін жасап бітіруіңіз керек. Бастықтың аты бастық, оған қалайша жоқ дейсіз?
3-Сценарий: Құрбыңыз қоңырау шалады. Жігітімен ұрысып қалып, жылап отыр. Бармасқа болмас...
"Сағат 10-да үйде болуым керек"
1-Сценарий: Ата-анаңыз қатал, кеш барсаңыз ұрысады. Жұмыстан ерте босағанда көбірек қыдырар едіңіз,әттең...
2-Сценарий: Ертең туыстарыңыз қонаққа келеді, ал үйіңіз жиналмаған еді. Сөзшең туыстарыңыздың алдында ұялып тұратын жағдай жоқ.
3-Сценарий: Сол баяғы жұмыс. Таңертең маңызды кездесуіңіз бар, ертерек жатып демалуыңыз керек.
Бірдеңе жеп қойдым-ау деймін...
1-Сценарий: Күнімен басыңыз ауырып тұр, сізге ұйықтап, дем алу керек сияқты.
2-Сценарий: Жеген кешкі тамақта жаңғақ болды ма? Сізде жаңғақтан аллергия бар еді ғой!
Апат
1-Сценарий: Шәй ішіп отырған жерде, шәйді үстіңізге төгіп алыңыз. Әрине киім ауыстыру үшін қош айтысуыңыз керек. Тым батыл болсаңыз, шәйді жігітке де төксе болады.
Әрине ең дұрыс шешім бар батылыңызды жинап, жігіттің көзіне тура қарап, "Бұл кездесуден ештеңе шықпаған сияқты, маған көңіл бөлгеніңе рақмет, бірақ мен қайтайын" деу. Ертең өтірік айттым-ау деп өзіңізді қинамай, қашу сценарийлерін де ойластырмасаңыз болады. Бірақ сезімге толы, мөлдіреген көздерді көріп, ондайды қалай айтуға болады.
Ал сіздің ұнамаған кездесуден қашқан сәттеріңіз болды ма?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: woman-project.com