- Негізгі бет
- Психология
- Кез келген жағдайда...
Кез келген жағдайда пайдаға асатын кеңестер
Өмірде сан түрлі жағдай, істерге араласуымызға тура келеді. Көбінің шешімі табылмауының себебі - мәселені дұрыс бағалай алмауымызда. Сол себепті көптеген жағдайда көмекке келетін пайдалы кеңестерді ұсынамыз:
Қорытынды шығаруға асықпаңыз
Бұл әдеттің біз үшін екі жағымсыз жағы бар: біріншіден, біз жағдайдың қалай аяқталатынын білеміз деп шешіп, бақылауды тоқтатамыз, соның салдарынан жағдайды билей алмай қаламыз; екіншіден, "басқа адамдардың ойын білемін, олардың әрекетін алдын ала біліп отырамын" деп ойлауымыз мүмкін. Мұның салдарында қарым-қатынас бұзылуы да ғажап емес. Нәтижесінде жағдай да ойдағыдай болмайды, біреумен қарым-қатынасыңыз бұзылып, көңіл-күйіңіз түседі.
Әсірелеу
Көптеген адам кішігірім мәселені әсірелеп көріп, зобалаң салады. Яғни, түймедейді түйедей етеді. Бұл неден туындайды? Өзіне назар аударту үшін бе? Әлде дүрлікпе адам болғандықтан ба? Әр адамда әртүрлі себеп болады. Дегенмен, қандай жағдай болмасын, бұл әдет орынсыз әрі біз үшін зиянды.
Шектеу қоймаңыз
Аузыңыздан шығатын сөздер өміріңізге әсер беретінін ұмытпағайсыз. Негативті, сыни пікірлер сіздің ойлауыңызға кері әсер етеді. Соның салдарынан сіз алдыңыздан шығатын мәселелерді ауыр қабылдайсыз. Мәселені бір шекараға сыйғызамын деп оған дұрыс баға бере алмайсыз. Себебі мәселенің "көлемін" көре алмайсыз. Нәтижесінде шешімін таба алмай, қиналуыңыз ғажап емес. Кең ой-өріс, шектеу қоймау – проблемаларды шешуге және көптеген жағдайдың алдын алуға көмектеседі.
Перфекционист болмаңыз
"Жеткілікті" ұғымы сізге таныс па? Адамдар өмірінде "мінсіз" дүниелерді іздеумен болады. Керемет жұмыс тапқысы келеді. Ал жақсы жұмысты "кішірейту" арқылы түрлі кемшілік тауып алады. Мінсіз адамды іздеймін деп, жалғыз қалып жатады. "Мінсіз әйелді іздеген ер адам оны тапқанын айтты, алайда ол әйел мінсіз еркекті іздеумен жүр..." деген сөз бар. Перфекционизм - "менталды ауру" деген тұжырым бар. Неліктен ауруға теңелді? Себебі оның кесірінен сіз өмірден ләззат ала алмайсыз. Жоқ нәрсені іздеумен өтесіз.
Сурет: weddingclub.org
Ф. Абилова