- Негізгі бет
- Психология
- Кешіру - оңай...
Кешіру - оңай емес
Ашу, кек, өкпе сындылардың барлығы адамды жаман істерге бағыттап, бақытсыздыққа душар етеді. Әрине кейде ішімізге жиналған жағымсыз эмоцияны сыртқа шығарудың еш зияны жоқ. Алайда осы жағымсыз эмоцияларды сабыр, төзім сынды қасиеттермен алмастыра алсақ, нұр үстіне нұр болатын еді. Осы қасиеттер туралы мақаланы оқырманымыз Майра Мырзахметова аударып, бізге жолдаған екен. Оны назарларыңызға ұсынамыз.
Мен «кешірімді бол» деген сөздермен тура жолға салғысы келетін жандарды ұнатпаймын. Кім ұнатады дейсіз?
Жанымдағы адамдардың күнде қайталайтын мақалдары, пікірлері миымда жатталып қалған десем де болады. Тіпті, өзіме түсініксіз ақыл-кеңестердің, мақал-мәтелдердің мағыналарын әдеби кітаптардан да іздеп көрдім. Әлеуметтік желілерде кешіре білу туралы блоктарды оқып шықтым. Ұлы абыз-билердің даналық сөздерінен жауап таппақ та болдым. Төле бидің «Тас мүжіледі, құм үгіледі, іні кесірлі болса да, аға кешірімді болуы керек» деген ақылды сөздерін күнде жатар алдында бірнеше рет қайталайтынмын. Бірақ содан кейін де жеңілденіп, кешірімді бола қалдым деп айта алмаймын. «Кешірім» ұғымы мен одан шынайы ләззат алу сезімі арасында үлкен ерекшелік бар екенін білемін. Ия, білемін.
Кешіру - әділдікті қалайтын адамдар үшін нусыз орманды аралаумен бірдей. Бәрінен бұрын біреулердің жанымызға жара салып, кейіннен түк болмағандай жазасыз кете салатыны қатты қинайды. Біз өкпешілміз, сондықтан айыпты адамның жазасын алғанын ішімізден қалап тұрамыз. Біз есепті теңестіргенді ойлап, сол кезде жүректегі жараны олардың да сезгенін қалаймыз. Ал кешіру өзіңе қиянат жасау сияқты сезіледі. Бұл соғыс алаңында әділеттік үшін ұрыссыз беріле салумен бірдей.
Ашу мен ыза ішіңізде қайнап, өз уымен сізді уландыра бастайды. Бұл жағдайды біліп тұрсақ та, қимай сақтап жүреміз. Кек сіздің жүрек, ми, өкпе сияқты бір бөлігіңізге айналып кетеді. Қаныңыз басыңызға шауып, барлығын таптап жіберердей боласыз. Бұл сезім маған өте таныс.
Алайда ашу мен ызаның эмоция екенін ұмытпауымыз керек. Біз әділдікті қалағандықтан, ашуға берілеміз. Өйткені оның пайдасы жағын ойлап, қаншалықты көп ашулансақ, соншалық түрлі өзгеріс болады деп сенеміз. Ашу - болған нәрсенің өткінші екенін, өшпес жара салып кеткенін түсінбейді, жалған үміт береді.
Ашу - жараның аузын қайта тырнау. Сізді ренжіткен адам қайта келіп жараның орнын қалдырмастан жазып беретіндей. Шындығында, ашулану - емнен бас тартқан ауру адамның халін елестетеді. Жараның аузы жазыла бастағанда басқа адамның терісімен өмір сүріп жатқан сияқты боламыз.
Жалғасы бар...
Қ. Бүйенбай