- Негізгі бет
- Психология
- Кешірім сұрауға асықпаңыз...
Кешірім сұрауға асықпаңыз
Кейде өзімізді себепсіз кінәлі сезінетін кездер болады. Осындайда тамағымызға бір өксік тығылып, өзімізді айыптаймыз. Кешірім сұрауға асығамыз. Осылайша сөздің қадірін кетіреміз. Ал осы сезімнен арылу үшін не істеу керек?
1. Себебін анықтау
Мүмкін ата-анаңыз кішкентай кезіңізде сізге сенім артып, болашақта әйгілі музыкашы болады деп ойлап, көп ақша жұмсаған шығар. Ал сіз фортепианода мүлдем ойнағыңыз келмейді. Есейе келе өзіңіздің музыкашы болғыңыз келмейтінін түсіндіңіз. Бір кездері бір жігіттен бас тартып, оның дәл қазір қатты қиналып жүргенін білдіңіз. Шындығында, әр адам арманының жүзеге асуы мен қалауы үшін жауап береді. Ата-анамыздың немесе өзге біреулердің қалауын орындауға міндетті емеспіз. Өз жолымызды өзіміз таңдауға құқылымыз. Ал мұны кімнің, қалай қабылдайтындығы жеке психикасына тән нәрсе.
2. Анализ жүргізу
Біреу сіздің қатысыңыз бар іске немесе сіздің әрекетсіздігіңізге бола ренжісе, оның бұл сезімін түсінуге болады. Егер мүлдем қатысыңыз болмаса, өзіңізді айыптамаңыз. Мысалы, сіз өзге бауырларыңызға қарағанда көп жалақы аласыз. Қажет болғанда оларға көмек қолын созыңыз. Бірақ өзіңізге тиесілі демалыстан, заттардан бас тартпаңыз. Әр адамның өмірінде жақсы-жаман сәттер қатар жүреді. Бастысы, әрдайым жақсыны байқай білу.
3. Өзгенің арам айласынан сақтану
Сүйіктіңіз сізден жұмысыңызды ауыстыруды талап етті делік. Бірақ сіз оның бұл талабын орындамадыңыз. Үйге кеш келіп, тамақ жасауға үлгермей жүрсіз. Осы үшін сүйіктіңіздің алдында өзіңізді кінәлі сезінуіңіз мүмкін. Адамдардың арам айласын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеу керек. Сізді біреу кінәлі етіп шығарғысы келсе, шын мәнінде не керектігін сұраңыз. Сізді толықтай қамқорлыққа алған күннің өзінде, ешкімнің сіздің орныңызға таңдау жасауға құқысы жоқ.
4. Өзін мақтан тұту
Өзіңізді айыптамас бұрын қандай қасиеттеріңізді мақтан тұтатыныңызды еске түсіріңіз. Осы туралы ойланып көріңіз. Бастауыш сыныпта алған мақтау қағазын да еске түсіріңіз. Мүмкін ата-анаңызға сыйлық алып беріп, оларды қатты қуантқан шығарсыз.
5. Әлемді өзгерту
Қоғамның түрлі әділетсіздігіне көне бермей, жоқ дегенде бір адамның өмірін өзгертуге тырысып көру қажет. Мысалы, қайырымдылық қорына атсалысып, науқасқа қан беруге болады. Осы әрекетіңізбен әлемді өзгерте алмайтын шығарсыз, бірақ бір адамды бақытты ете алатыңыз анық.
6. Кешірім сұрау
Дүкенде сізге ақшаны дұрыс қайтармаса, бұған бола кешірім сұраудың қажеті жоқ. Бар болғаны, мәдениетті түрде ақшаны қайта санауын өтініңіз. Кешір деген сөздің құнын төмендетіңіз. Әдетте адамдар сіздің кешірім сұрағаныңызды қалаған кезде, көз жасын пайдалануы мүмкін. Осы кезде кешірім сұрамас бұрын, істің мән-жайын анықтаңыз. Расымен де, кешірім сұрауға тұрарлық дүние ме? Кешірім сұрауға асықпаңыз...
Қ. Бүйенбай