- Негізгі бет
- Психология
- Кешірім — көңілдің...
Кешірім — көңілдің кеңдігі
Кешірім — әділдікті аңсайтын жандар үшін ұшы мен қиыры көрінбейтін ну орман секілді. Жаман ісі үшін жауап бермей кететіндігінің өзі жанға жара салады. Біз барлығының әділ болғанын, әркімнің сыбағасы өзіне тигенін қалаймыз. Біз сезінген сатқындық сезімін олар да сезінсе екен дейміз. Бірақ... Осының барлығы дұрыс па? Бір сәтке ойланып көріңізші. Мұның кімге пайдасы бар?
Өзгені кешіру өзімізге сатқындық жасап, рухани құндылықтарымызды аяқ асты еткендей болып көрінуі мүмкін. Әділдік үшін күресте жеңілгіңіз келмейтінін жақсы түсінеміз. Ашу оты ішіңізде алаулап жанып, сізді өзінің уымен уландырып жатыр. Осыны сезсеңіз де, бәрін ұмыта алмайсыз. Ашу ми мен жүрегіңіз секілді денеңіздің ажырамас бөлігіне айналғандай. Иә, бұл сезім көбімізге таныс.
Біз қай кезде ашуланамыз? Әділдікті талап еткен кезде ашуланамыз. Ашуланған сайын тау мен тасты қопарып, көп іс жасап жүргендей көрінуі мүмкін. Ал ашу болған істі қайта қалпына келтіру мүмкін еместігін түсінбейді. Кекке ұласады.
Ашуға бой алдыру – жараның орны қалып қалмасын деген оймен оны қайта-қайта қанатумен бірдей. Құдды сізді ренжіткен адам қайтып келіп, жараңызды қайта емдеп беретіндей. Ал ашудың басты себебі – емделуден бас тарту. Өйткені жара жазылған соң, сіз басқа терімен өмір сүруге мәжбүрсіз. Сіздің қалайтыныңыз басқа нәрсе: барлығы бұрынғыдай болсын деген ой.
Іштегі ашуыңыз қыз-қыз қайнап жатқан кезде кешірім туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз сияқты. Ақылыңыз кешірімнің дұрыс шешім екенін түсінеді. Кешірген соң орнайтын тыныштық пен бейбіт өмірді аңсайды. Өкінішке орай, сабырлық таныту өте қиын.
Осы күнге дейін кешірім сұрау мен кешірімнің ешнәрсе өзгертпейтінін ешкім айтпаған. Ол болған оқиғаны жадымыздан өшіріп тастайтын өшіргіш емес. Ол жүрегіміздің сыздап ауырғанын тоқтата алмайды. Яғни бастысы, сырттай емес, іштей кешіру мен кешірім сұрау.
Біреуді кешірген кезде ешбір таңғажайыптың орын алмайтындығын мойындап, бәрінен бас тартатындай көрінесіз. Иә, құйынның орынсыз келгені рас, бірақ бұзылған қалада тұрмасқа амалымыз жоқ. Ешбір ашу мен кек сол қаланы қалпына келтіре алмайды.
Кешірім – қайта қалпына келіп жатқан дүниелер үшін жауапкершілікті мойынға алу. Яғни жан тыныштығына бір қадам жақындай түсу.
Кешірім сізді ренжіткен адамның жаман әрекетіне көз жұма қарағандығыңызды білдірмейді. Мұнымен қатар, олармен қайта тіл табысып, татуласуыңыз керектігін де меңземейді. Бар болғаны олардың жан-дүниеңізге айықпас жара салып кеткенін біле тұра сол жарамен ары қарай да өмір сүре алатындығыңызды мойындау. Ренжіткен адамыңыз келіп кешірім сұрайды деген ойдан арылу.
Кешірім – бұл әділетсіздік емес. Ол сіздің жеңіліс тапқандығыңызды емес, керісінше рухыңыздың мықты екенін білдіреді. Адамды кешіру, кешірмеу - тек өзіңіздің қолыңыздағы дүние. Біз бар болғаны алдағы өміріңізде жолыңыз болсын дейміз!
Қ. Бүйенбай