- Негізгі бет
- Психология
- Кешікпей келем деп...
Кешікпей келем деп ең
Өз уақытын дұрыс пайдалана алмайтын жандар әрдайым кешігіп жүреді. Кешігіп жүру бір қарағанда бір қалыпты жағдай болғанменен, бір қарағанда ол жаман әдетке айналуы мүмкін. Сондықтан да баланы жастайынан кешікпеуге, уақытты ұтымды пайдалануға үйрету қажет. Бала-бақша, мектепке кешігіп барған бала, ертең жұмысына да кешігіп баруы ғажап емес.
Әрдайым кешігіп жүретін жанға бейтаныс кісілер күдіктене қарайды. Себебі, кешігетін кісілер сенімсіз, жауапсыз әрі салақ болады деп ойлайды. Кешігу сияқты жаман әдеттен арылу үшін келесі кеңестерге назар аударыңыз.
Сағатыңызды 20-30 минутқа алға қойыңыз. Егер де күнделікті таңертең сағат 07.00-де оянсаңыз, сіз 06.30-06.40-та тұруға дағдыланыңыз. Кезекті істерді 20-30 минут ерте жасап, жұмыс пен сабағыңызға ертерек барасыз.
Уақыт кестесін құрыңыз. Жолға 20 минут, сабаққа 3 сағат, кітап оқуға 2 сағат, ас дайындауға 50 минут кетеді деп жазып, әр іске 5-10 минут қосып отырыңыз. Уақытқа қарап, құрылған жоспар кесте бойынша іс-әрекеттерді орындауға ұмтылыңыз.
Өзгелерден көмек сұраңыз. Құрбыңызға алдын ала хабарласып: «Ертең таңмен оянғанда маған хабарласшы, мен ұйықтап қалмайын» я болмаса әріптесіңізден: «Бейсенбі күні түстен кейін жиналыс уақытын маған ескертіп айта салыңызшы» деп өтініш білдіріңіз.
Маңызды кездесулерге алдын ала дайындалыңыз. Жоспар кестесіне алда болар маңызды шаралардың басталу уақытын жазыңыз. Концерт, театр, мерекелік кешке баруды жоспарласаңыз, басталу уақыты мен күнін ұялы телефондағы жаднама кестесіне немесе қойын дәптеріңізге түртіп қойыңыз. Ұшаққа кешікпес үшін алдын ала тіркеуден өтіп, әуежайға жүретін жол қашықтығы мен уақытын ескеріңіз.
Өтірік айтып, ұятты болмаңыз. Кешіккен кезде «Кептелісте тұрып қалдым», «Сағатым тоқтап қалыпты», «Үйдің есігін аша алмай қойдым», «Аяқ-киімімнің тағасы сынып қалды» т.с.с. себеп-сылтауды іздестіріп, өтірік айтып, ақталмаңыз. Орнына не үшін кешіккеніңізді айтып, кешірім сұраңыз.
Шыдамдылық танытыңыз. Алдын ала жоспарланған кездесуге құрбыңыз кешігіп жатса, ашуланып, оған хабарласып, кешіккені үшін сөгіс айтпаңыз. Сабыр сақтап, өзіңіз кешіккен кезде өзгенің де сізді осылай тағатсыздана күтетіндігін ескеріңіз. Мұндай күйді басыңыздан кешкен соң, ендігі кезекте кешіпеуге тырысыңыз.
Ескертіп қоюды ұмытпаңыз. Кездесуге, сабаққа, жұмысқа кешігіп жатқан жағдайда дереу әріптесіңізге, құрбыңызға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, кешігіп келетініңіз туралы ескертіп айтып қойыңыз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: medicini.info
Ғ. Ұзақ