- Негізгі бет
- Психология
- Кешікпей келем деп...
Кешікпей келем деп ең...
Бәрінен де күту қиын екені рас. Сағынған адамымызды көрмейінше, көкейімізге түрлі ой оралады. Жолда бір нәрсеге ұрынып қалмады ма екен немесе бұл мені басынғаны ма сынды ойлардың жетегінде боламыз. Іштей ренжіп, ол келген кезде өкпемізді айтамыз. Кейде тіпті ауыр сөздер айтып, ренжітіп аламыз. Дәл осындай танысыңыз болса, кезекті материалымызға зер салыңыз. Бұл жолы кешігушілердің жағымды қасиеттерін талдайтын боламыз.
Бүгін кеңсеге баратын уақыттан үш сағат бұрын таңғы сағат алтыда ояндым. Бірақ бәрібір де он минутқа кешіктім. Мұндай оқиғалар мен үшін қалыпты жағдаймен тең. Мен үнемі бір жерге кешігіп жүремін. Әрине, ережелерге бағынуым керек деп ойламаймын. Бар болғаны оған шамам келмейді. Таңертең тұра салысымен көп іс атқарып үлгеруге тырысамын: жаттығу жасаймын, таңғы асымды ішемін, жаңалықтар көремін, шұлығым мен кілтімді іздеймін, айнаға қараймын.
Сағат атаулысының бар екенін ұмытып кетемін. Үнемі «әлі де уақытым көп шығар» деп ойлап жүремін. Ең маңызды деген жұмыстарымды тындырып, кеңсеге аттанамын. Осылайша үш сағат өтіп кетеді.
Көп адам таңертең кеш оянады. Кез келген жерге кешігіп келеді. Мұны жақсы, жаман деп те айта алмаймыз. Ғалымдар мұның ДНҚ-мызға сіңіп қалған қасиет екенін, оны өзгерту мүмкін еместігін айтады. Алайда бұл адамның жалқау немесе жауапкершілігі жоқ, алаңғасар екенін білдірмейді.
Оларға сенім артуға болады
«Кешігушілер» - әдетте оптимист жандар. Олар өздерін көп істі аз уақыт ішінде бітіруге болады деп сендіреді. Артынша уақытты жеткізе алмай әлек болады. Ал оптимистік қасиет өз кезегінде күйзелістің алдын алып, физикалық денсаулықты жақсартады, иммунитетті қалпына келтіреді, жүрек-қан тамырлары ауруынан сақтайды.
Бақыт пен позитивтің адам өмірі үшін пайдасы мол
Зерттеу нәтижесіне сәйкес бақытты адамдар кеңседе бәрінен де ұзақ уақыт отырып жұмыс істейді екен. Мұнымен қатар, уақытын бағдарлай алмайтын адамдар оқыс жағдай кезінде өздерін барынша сабырлы ұстап, дұрыс шешім қабылдайды.
Осы шақта өмір сүріңіз
Уақыт дегеніміз — шартты ұғым. Оны табиғатта жоқ десек те болады. АҚШ-та кешігіп келетін адамдарды ұнатпай, олардың бұл әрекетін дөрекілік деп таниды екен. Бұдан өзге ақшаны уақытпен, ал уақытты ақшамен теңестіріп үйренген. Ал Еуропа мен Азияда жағдай мүлдем бөлек. Бұл жерлерде уақытты түрліше бағалайды.
Бәріне уақыт табады
Әдетте кешігушілер көше гүлінің иісін міндетті түрде иіскеп өтеді. Өмірдің әрбір сәтін болжай алмаймыз. Үнемі уақытпен жүрер болсақ, рахаттану сезімінен айырыламыз. Алайда жазбамызды оқыған соң кешігу жақсы қасиет екен деп ойлап қалмаңыз. Әр нәрсенің өз уақытымен болғаны дұрыс.
Осы шақта өмір сүру арқылы миымызды тың қалпында сақтаймыз. Өткен шаққа баға беріп, болашақ туралы армандаған сайын, нақ осы шақтың ләззатын сезу мүмкіндігінен айырыламыз. Сол себепті өмірдің әрбір сәтін бағалап, осы шақта өмір сүруді ұмытпайық!
Қ. Бүйенбай