Нақтылық – атақты бизнесмендерге немесе ақсүйектерге ғана тән қасиет деп ойлайсыз ба? Есіңізде болсын: айналаңыздағылардың пікірі өз уақытыңызды қаншалықты бақылай алатындығыңызға байланысты.
Барлық жерге кешікпей келу – көптің қолынан келе бермейтін нағыз талант. Тіпті кездесулерге де кешікпей келудің пайдасы зор. Жігіттерге сүйіктісін күткен ұнайды деп ойлайсыз ба? "Ия" деп жауап берген болсаңыз, қатты қателесесіз! Психолог мамандар жігіттердің 99 %-ы күтуді ұнатпайтынын айтады. Жігіттер мұндай қыздарды жеңілтек деп ойлайды екен.
Менің құрбым кездесуге үнемі кешігіп жүретін. Әдетте 20 минут кешігуді жөн көреді. Осы әдетінен мезі болған сүйіктісі үшінші кездесуден кейін 30 минут кешігетін болыпты. Осыдан кейін екеуінің аралары суып, кездесудің тең жартысын бір-біріне реніштерін айтумен өткізеді екен.
Ал қызмет мәселесінде қалай? Бұл жерде сізді жанкүйерлеріңіз немесе сүйіктіңіз күтпейді. Жиналыста отырған адамдар әрбір секундтың қаншалықты маңызды екенін біледі. Олар сіздің жүзіңізге қарап айтпаса да, сізге қатысты қандай ой қалыптастыратыны туралы ойланып көрдіңіз бе? Басқа-басқа жұмысқа, қызметке қатысты жиналыстарға кешігуге болмайды.
Уақытыңызды бағдарлап үйренгіңіз келе ме? Бұл қиын емес. Оны кез келген адам жасай алады. Бар болғаны, төмендегі бірнеше ережені ескеріңіз.
Бірінші: келер күніңізді жоспарлаңыз. Ұйықтар алдында ертең не істеу керектігіңіз туралы ойланыңыз. Барлық жұмысты еске түсіріңіз. Маңызды жұмыстарды бірінші орынға қойыңыз. Бірнәрсені жіберіп алмас үшін тізім жазыңыз. Артынша жанына уақытын шамалап белгілеңіз. Мысалы, "жұмыстан үйге дейін – 08:05 – 09:00". Осылайша жоспарыңыздың шындыққа жанасатынына көз жеткізесіз.
Екінші: қосымша уақыт қалдырыңыз. Яғни әр іске уақытты артығымен жазыңыз. Осылайша асықпайтын боласыз. Мұнымен қатар, қалауымыздан тыс жоспарымызға өзгеріс енгізетін әсер етуші факторлар бар.
Үшінші: кешкі мезгілден бастап жиналыңыз. Ертең не киетіңізді, қандай аксессуар тағатыныңызды бір күн бұрын ойластырыңыз. Барлық затыңызды дайындап, үтіктеңіз. Керек болса, жуыңыз. Осылайша таңертеңгі уақытыңызды үнемдейсіз.
Төртінші: үйдегі сағаттың тілін алдыға айналдырып қойыңыз. 10 минут жеткілікті болады. Бұл әдеттегі іс-әрекеттеріңізді жылдам орындауға көмектеседі.
Бесінші: ерте келіңіз. Жұмысқа 5 минут ерте келу әдебін қалыптастырыңыз. Әріптестеріңіздің арасында «Ол ешуақытта кешікпейді. Ол жұмыс басталмастан осында отырады» деген пікір қалыптастырыңыз. Бұл имиджіңізге жағымды әсерін тигізіп қана қоймай, ерекше белсенділікке ие болуға көмектеседі. Елестетіп көріңізші, шуылсыз кабинетке кіріп, терезені ашып жатырсыз. Асықпай отырып шәй ішу мүмкіндігіңіз де бар. Ал басқа әріптесеріңіз жұмысқа асыға кіріп, ентігін баса алмай қиналуда. Олар бастыққа сүйкімін кетіріп жатқан кезде, сіз жұмысқа кірісуге дайын боласыз.
Уақытты ұтымды пайдалану арқылы табысқа жетеміз. Сол себепті әрбір секундыңызды бағалай біліңіз.
Жалғасы бар...