- Негізгі бет
- Психология
- Кесе мен судың...
Кесе мен судың махаббаты
Ол жалғыздықтан жабырқаған бір аяқ Кесе болатын. Тәйірі бауыры бүтін ыдыс сусыз өмір сүре ме?! Ол да судың өзін іздеп келуін зарыға аңсады. Суға деген іңкәрлігі күн өткен сайын арта түсті. Тек сырттай ғана бір көріп ғашық болған махаббаты оны дел-сал күйге кіріптар етті. Өзінің сыңарына қосыла алмаған бақытсыз тағдырына күйініп Махаббат тәңіріне қаншама рет жалынды. Тек Су өзінің құшағына құласа болғаны, сол мезет өліп кетуге де риза екенін айтып жылайтын.
Ғайыптың құдіретімен күндердің күнінде оның тілегі қабыл болып, ып-ыстық су Кесеге құйылып, аңсаған ғашығына қол жеткізді. Қуанышында шек жоқ еді. Судың ыстықтығы Кесенің тұла бойын балқытып жіберердей. Ерекше шаттыққа бөленген Кесе тағдырына ризашылығын айтып, осы бақыттан айырмауға күн сайын тіленді. Ертегілерде айтылатын ұлы махаббат деген осы болар...
Ләззәтті сәттердің өтуімен су қайнаған ыстықтан жылы күйге ауысты. Бұл күйді Кесе барынша рахат сезінетін. Бір жанға жайлы жылылық оның тұла бойына мейірім сыйлайтын. Мұны тұрмыстың бағыштаған мейірімі деп тағдырына тәнті болар еді.
Көп өтпей су ақырын-ақырын суыды. Көңілінде әлденеден секем алған Кесе қорқа бастады. Салқын тартқан тұла бойының жалыны сөне бастағанын да сезінді. Ол шынымен де бір күдікті ойдың құрсауында қалғандай күй кешетін болды.
Бір күні су тастай болып, мүлдеп суып қалды. Оның үміті жалғауға келместей боп үзілді. Сыртқа шығарып айта алмағанымен, іштей: «Мұндай тұрмысқа енді төзбеспін. Еш жалыны, мейірі жоқ. Бұл неткен қорлық, нағыз тозақ қой, одан да өлгенім жақсы еді» деп күйгелектенетінді шығарды соңғы кездері. Үмітсіздік, торығу көңіліндегі махаббат сезімінен ештеңе қалдырмаған сияқты.
Бірте-бірте жүрегін мұздай суық су қарып бара жатқан Кесе өзін тірі өліктей сезінетін. Мұндай тірліктен әбден мезі болған бейшара тезірек құтылудың жолын іздеді. Ол ақыры соңғы күшін сарқа жұмсап, қозғала бастады. Өне бойын басып тұрған мұздай суық суды зорға көтеріп, үстел бетінен жерге бір-ақ құлады. Сонша жыл армандаған махаббаты лезде қара жерге сіңіп бара жатты. Бұған қуанғанымен, өзі де күл-талқан болып шашылып қалды.
Ол жаралы күйде жан тапсырар сәтінде өз денесінің сынған әр бөлігінен су тамшыларын байқады. Дәл сол сәтте ғана өзінің Суды барынша сүйетінін, Судың өз жүрегіндегі қалдырған әсерін мәңгі өшіре алмасын сезініп, егіле жылады. Дәл қазір жанына батқаны ауру азабы емес, керісінше өкініш еді. Оның көзінен тамған тамшы жас Сумен бірге араласып, бірте-бірте ауаға ұшып жоқ буға айналып кетті...
Міне, бұл басым көп еркектердің махаббатына ұқсайтын мысал.
Өмірде екі нәрседен қашып құтыла алмайсың. Бірі ғашықтық, екіншісі өлім!
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек