- Негізгі бет
- Психология
- Кеңседе ұйықтап қалмас...
Кеңседе ұйықтап қалмас үшін
Архимед заңына сәйкес тойып тамақ ішкен соң міндетті түрде ұйықтап алу қажет. Бала күнімізден естіп келе жатқан осы заңдылық қазір де өз күшін жоймай, санамызға сіңіп қалған сияқты. Әріптестерімізбен бір дастархан басына жиналып ішкен астан кейін жұмыс туралы ойлағымыз да келмейді. Басымыз пернетақтаға қарай иілсе, миымыз белсенді түрде жұмыс істеуден бас тартады. Тіпті, арасында қалғып кетеміз. Кезекті материалымызда түстен кейінгі мезгілде де миымыздың тың қалпын сақтауға көмектесетін кеңестер ұсынамыз.
Бір қызығы, көп психолог кеңседегі түскі астан кейін аз уақытқа мызғып алуға кеңес береді. Аталған тәсілдің авторы Юрген Цуллай түстен кейін қалғи бастайтынымыздың тамаққа еш қатысы жоқ екенін айтады. Яғни,тамақ ішсек те, ішпесек те түскі сағат бір мен екі шамасында жылы көрпеге оранып, жұмсақ төсекте ұйықтап алуды аңсаймыз. Маман түскі уақытта 15 минуттық ұйқының жеткілікті болатындығын айтады. Сол себепті түскі астан кейін орныңызға оралып, мызғып алыңыз. Көп уақыт ұйықтап кетемін деп қорықсаңыз, көзіңізді жұмып қана отырыңыз. Нәтижесінде ағзаңыз асты жылдам қорытып, миыңыз жақсы жұмыс істейтін болады. 15 минуттық ұйқы жұмыс істеу белсенділігіңізді 40%-ға дейін арттырады. Осы тәсілді дұрыс деп тапқан директорлар қызметкерлеріне арнап демалыс бөлмесін ұйымдастырған.
Кейде жұмыс істейтін кеңсеміз мызғып алуға, назарды жұмыстан өзге нәрсеге аударуға ыңғайыссыз болуы мүмкін. Сол себепті компьютерді немесе өзге техниканы абайсызда сындырып алмаңыз. Қатты ұйықтап кетпес үшін көрші кеңсеге барып соңғы жаңалықтарды тыңдаңыз, қаласаңыз жақындарыңызға қоңырау шалыңыз. Ал жұмысыңыз керісінше белсенділікті талап ететін болса, жақын маңдағы саябақта отырып кофе ішіңіз. Миыңызбен қатар аяғыңызды демалдырыңыз. Ағзаңыз өз кезегінде жаңа энергиямен толысу арқылы алғыс айтады.
Дұрыс тамақтану мәселелерін қарастыратын ғалымдар тойып тамақ ішкеннен аш жүруді жөн көреді. Свен-Дэвид Мюллер түскі ас уақытында жеңіл әрі буға піскен тағамдарды тұтынуға кеңес береді. Себебі калориясы көп тағамдарды асқазан ұзақ қорытып, бар энергияны шығындайды. Нәтижесінде мидың жұмысына энергия қалмайды.
Ең дұрысы – үзіліс кезінде жеміс-жидек, йогурт, десерт, шоколад, жаңғақ секілді тағамдар жеу. Осылайша мінсіз мүсініңіз айналаңыздағыларды таңқалдырып, өзіңізді сергек сезінесіз.
Айтпақшы, Цуллай есімді маман кофені түскі асқа дейін ішіп алуға кеңес береді. Өйткені ағзаға кофеин тек 30-40 минуттан кейін ғана әсер ете бастайды. Яғни түс мезгілінде ұйқыңыз келмейді.
Сурет: rumbur.ru
Қ. Бүйенбай