Кеңседегі әріптесіңіздің бірі ыңылдап ән салып отырса, басқасы сіздің кесеңізден сорылдатып шәй ішіп, кеңсенің сұлу қыздарына көз қысып отырады ма? Жұмыс жасауға бермейтін жандарға кеңселік этикет жайлы қалай айтуға болады?
Хәйләйлім!
Әнші-әріптестер әр кеңседе кездеседі. Олар дауысының бар-жоқтығына, жұмыс орнында отырғанына, біреудің жүйкесін жұқартатына да қарамайды. "О-о-о", “сәулем-ай”, "хәйләйлім" бүкіл бөлмеге жайылып адамды жабырқатады.
Шын мәнінде ән салудың жұмысқа жақсы әсері бар. Жалпы әу баста әндер бір істі бірігіп жасайтын аңшы не құрылысшы бабаларымызға бірігіп, бір ырғақты ұстануға көмектескен екен.
Мәселе шешімі. Әріптесіңізге зұлым көзбен қарап, жасанды жөтелу көмектесе қоймайтынын байқаған боларсыз. Оған күлімсіреп қарап: "Маған да осы әуен ұнайды" деңіз. Әнші өзінің біртүрлі жағдайда екенін түсінетін болар. Тіптен түсінбейтін болса, оны бұл өлеңнің авторы, сөздері жайлы сұрап, ән салғанын осылай қойдырыңыз.
Ал егер өзіңіз осындай кеңселік әншілер қатарынан болсаңыз, бұл әдеттен арылуға тырысыңыз. Жұмысты уақытында жасап, артық уайымдамаңыз. "Дем алуға" басқа әдет табыңыз. Мысалға, жаман қағаздарда шимақтар салыңыз, қолға айналдыратын жаттықтырғыш алып қойыңыз.
Иісін-ай!
Әріптесіңіз күнделікті әтірге шомылып келгендей болады ма? Оның иісі күні бойы басыңызды айналдырып, мұрыныңызды жарды.
Мәселе шешімі. Хош иісті әріптесіңізге иісі қатты емес әтір сыйлауға болады. Немесе өзіңізбен бірге кеңсеге жағымсыз иісті әтір алып келіп, сол кісінің маңына шашып қойыңыз. Мүмкін ол сіздің ойыңызды түсінер.
Ал өзіңізден сүйікті танымал брендті қымбат парфюмнің иісі қатты шықпай ма? Адам мұрны өз иісіне тез үйренеді, уақыт өте оны тіпті байқамайды. Сондықтан таңертең себілген бірнеше тамшы әтір күні бойына жететінін ескеріңіз.
Бұл менің кесем!
Кеңсеңізде біреумен жауласқыңыз келе ме? Ең оңай шешім - оның шынысынан шәй ішіңіз. Әрине оны артынан жумай, қоя салыңыз. Сізде осындай оқиға болды ма? Күнделікті әріптесіңіздің артынан шыныңызды жуғыңыз келмесе, әрекет жасаңыз.
Мәселе шешімі. Өзіңізге қанық түсті, үлкен, көзге түсерлік шыны алыңыз. Кеңседе оны бәріне көрсетіп, мақтанып, "Мынау менің жеке шыным, күшті иә?" деп сұрауды ұмытпаңыз. Егер әріптесіңіздің кесесі болмаса, келе жатқан мейрамдарда оны қуантыңыз.
Сіз өзіңіз біреудің кесесін алып қоя бересіз бе? Оның қожайыны іші тар, сараң емес. Біреулерге өзінің жеке жері, заттары қажет. Ол солардың арасында өзін сенімді, жақсы сезінеді. Кесе, құлақшындар - бұңың бәрі біреудің жеке өмірі, оған қол сұғу жаман қабылданбай қоймайды. Кеңседе біреудің дүниесінен аулақ болыңыз.
Ал сіз кеңседе қандай орынсыз жағдайларға кезіккенсіз?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: ritaburchika.blogspot.com