- Негізгі бет
- Психология
- Кемшіліктерден арылудың қиындығы...
Кемшіліктерден арылудың қиындығы неде?
Айналамызға зер салып қарасақ, көпшілік адамдардың өмір бойы бір қалыпта қалатындығын, өзгеруге талпынбайтындығын байқаймыз. Дүниетанымның кеңеюі оңай болғанымен, адамның ішкі жан-дүниесінің өзгеруі қиын. Осы мақаламызда оның себебін анықтайтын боламыз.
Кейбір ерекшеліктерді ескермегенде, бұл мәселенің себебі көпшілікке ортақ. Ең біріншісі өзімізді нашар білетіндігімізде. Ал өзгеріс жасау үшін өзімізбен бірге кемшіліктерімізді білуіміз қажет. Өзгенің мінін бірден байқап, бетіне басу оңай болғанмен, өзімізді тану өте қиын. Кикілжің болған сәттерде кінәні өзгелерге артып, өзімізді мінсіз сезіну әдетке айналуда.
Іштей толысу үшін кемшіліктерді мойындап, жауапкершілікті өз мойнымызға алуымыз керек. Айыпты өзгелерді іздейтін сөздерді көптеп естуге болады. Өзін кез келген жағдайда сүттен ақ, суан таза етіп шығаратын адамдардың қатары аз емес.
Өзімізді өзгерту үшін жауапкершілікті сезініп, ұзақ еңбектенуіміз керек. Артынша білім мен білікті қатар алып жүргеніміз жөн. Ішкі жан-дүниемізді ретке келтіреп, мен өзгеремін деген сөздерден ештеңке шешілмейді. Барлығына реалистік көзқарас қажет. Қандай мінезіңіздің ұнамайтындығын біліп, келесіде сол жағдайға тап болғанда өзге мінез танытып көріңіз. Мысалы, жан-жағыңызды сынағанда жақсы көретін болсақ, әрдайым сөзімізді бақылауымыз керек. Сөйлемес бұрын аз бөгеліп, біреуге сын айтып, мін тағып жатқан жоқпын ба деп ойланып алуымыздың да рөлі зор. Біраз уақыт өткен соң ұстамдылыққа ие болып, мейірімді жанға айналғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз.
Өткен күндеріңізді есімізге алып, түзетпеген жерлерін ой елегінен өткіземіз. Мүмкін кемшіліктерді тапқанның өзінде оларды ұмытқанды жөн көрген шығармыз. Қандай қателіктерді үнемі еске алатындығымызды есіңізге түсірейік.
Жыл сайын жаңа жыл мерекесінің қарсаңында өзгеремін деп уәде бергенмен, оны қалай жүзеге асыратындығымызды білмейміз. Өзіміз бен өзгемізге зияны тимейтіндей етіп қалай өзгеруге болады? Әрбір адам өмірінде бір рет болмасын өмірімді қалай өзгертемін, мінезімді ше деген сауалмен бетпе-бет келеді. Әркімнің кемшіліктері әртүрлі болатындықтан, бұл мәселеге қатысты ортақ ереже жоқ. Өзіңізді өзгертуге көмектесетін қарапайым 7 тәсілді ұсынамыз:
1. Бірінші кезекте оңы мен солын танитын тұлға ретінде өзіңізден нені талап ететіндігіңізді қағаз бетіне түсіріңіз. Назарыңызды белсенді түрде орындайтын жұмыстарға аударыңыз.
2. Кемшіліктеріңіздің тізімін жасап, оны қағаз бетіне жазыңыз. Оларды бақылауда ұстауға себін тигізеді. Өзгеруге шешім қабылдағандығыңыз үшін мақтаныңыз. Мұнымен қатар, күнделікті бірнеше рет қайталанатын «мен толықпын», «тез ашуланамын» секілді сөздердің пайдасы зор.
3. Әрбір кемшіліктің тұсына не себепті өзгерткіңіз келетіндігін жазыңыз. Оның себебін анықтамайынша түзету енгізе алмайсыз. Және өзгелер үшін емес, өзіңіз үшін өзгергіңіз келетіндігін кірістіруді ұмытпаңыз. Бұдан өзге өзгелердің айтқанымен жүру әдетінен арылыңыз. Сіз өзіңіздің ғана ережелеріңізбен өмір сүретіндігіңізді ұмытпаңыз.
4. Өзіңіздің кемшіліктеріңізді анықтаған соң, оларды миыңызға орнықтырыңыз. Кемшіліктен арылудың бір емес, бірнеше жолын табыңыз.
5. Қолыңыз босаған сайын жоғарыда жазған тізімді қайталап оқи отырыңыз.
6. Барлығы бірден болмайтындықтан, қателіктерге бола мұңаймаңыз. Керісінше, оларды өзгерту үшін барыңызды салыңыз.
7. Әр кемшілігіңізді өзгерткен сайын, өзге кемшіліктеріңізбен жұмыс жасауға кірісіңіз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: risovash.ru
Қ. Бүйенбай