Қыз ақылды әлде әдемі болуы керек емес. Қыз әрі ақылды, әрі әдемі, әрі қамқор, әрі сүйкімді, әрі сымбатты, әрі шаруақор, әрі сенімді болуы керек. Қыз мінсіз болуға ұмтылса, соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан, жаңа өмір бастамай тұрып, біреу үшін өзгерер алдында жақсылап ойланыңыз.
Ешбір ер адам күткенді жақсы көрмейді. Соған орай, күткізгенді де жақсы көрмейтін адамдар бар. Бірақ ер адамдар уақыты мен жүйкесін күтуге қаншалықты жұмсаса, қызының сәні мен салтанаты соншалықты жарасып шығатынын біледі. Жігітіңіз тым шыдамсыз не күйгелек болса, барар жеріңізге бірнеше күн бұрын дайындалып, алдын ала барлығын даяр етіп қоюға тура келеді. Ал, керісінше жағдайда, «қазір шығамын» деген сөзді неше рет айтқаныңызды санап абыржымай, бар назарыңызды өзіңізге ғана аударып, күткен сағаттары текке кетпегенін көрсететіндей керемет күйге еніп шығуыңыз керек.
Бірге фильм көріп отырған кезде, қызық жеріне келгенде «Бұл кім?», «Неге олай істеді?», «Анау кинода ойнайтын жігіт емес пе?» деп жігітінің жынына тиетін әдет көп қыздан кездеседі. Өзінікі дұрыс емес екенін біле тұра, сәл дауыс көтерсе, өкпелеп қалатын қыздар да бар. Мұндай қылықтармен қоштаспас бұрын, жігітіңіздің талғамын жақсылап анықтап алыңыз. Мүмкін, оған тым тәртіпті қыздар ұнамайтын болар.
Сізді оған ешкім күштеп қосқан жоқ. Өзі сізді таңдады. Демек, сізді бойыңыздағы бар қасиетіңіздің бәрімен бірге қабылдай білуі тиіс. «Әйел еркектің қисық қабырғасынан жаралған, оны түзетем десең, сындырып аласың» деген тәмсілді білетін ер азамат өз таңдауына құрмет көрсете біледі.