Той өтті, мереке артта қалды. Енді тойдан кейін нағыз отбасы өмірі басталады. Жаңа орта, жаңа отбасы... Бірден үйренісу оңай емес. Бөтен асүйдің тізгінін қолға алып, жаңа жанұяның көңілін табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бүгінде үйленген жұп ата-енесімен бірге де, бөлек те тұрып жатады. Қалай болғанда да келін тойдан кейін жиналған қауымға, туған-туысқанға шай құйып беруге міндетті. Жаңа түскен келін осы жерде нені қалай істеу керектігін білмей, біраз сасқалақтайды. Сондықтан басыңызға орамал тағып, шай құю рәсіміне де алдын ала дайындалғаныңыз жөн. Түскен отбасыңыз жақсы болса, енеңіз болсын, қайынсіңлі, қайынапаңыз болсын, сізге қолдау көрсетіп, үй шаруасына икемдейді. Ал "келін бәрін жасау керек" деген түсінікпен өмір сүретін отбасына жолықсаңыз, мойымаңыз. Шәйнекті алып, шай салып қайнатып, қонақтардың бәріне құйып шығыңыз.
Тойдан шаршап шыққаныңыз, ұйқыңыздың шала екені түсінікті. Қарныңыз да аш болар. Өйткені тойда тілек айтылғанда жастар тұрып тыңдайды. Тілек арасындағы биге шықпай, тамақты асап отыру да ыңғайсыз. Бәрін айт та, бірін айт, көңіл тоқ кезде асқазан тамақ сұрамайды. Өзіңіз үшін ерекше мерекеден кейін арқаны кеңге салып, демалғыңыз келеді. Бірақ оның орнына өзіңіз де жыға танымайтын келімді-кетімді қонақтың жағдайын жасап жүрсіз. Қабақ шытпаңыз! Қабақ түйіп, тәкаппарлану дегенді мәңгіге ұмытыңыз. Адам адамнан құтылады. Сол сияқты келген қонақтың бірі де қалмай, үйлеріне кетеді. Сонда олардың көңілінде не ішіп, не жегені емес, не түйгені қалады. "Келін тәкаппар екен" деген бір ауыз сөздің өзі – сіз үшін үлкен сын. "Көңіл сыйса, бәрі сыяды" деген қазақ кез келген отбасының байлығын, дастарханын емес, көңілінің кеңдігін жоғары бағалайды. "Қонақпен бірге құт еріп келеді" деген ырым бар.
Жігіттің туған-туысқанын қалай күту керектігі жайлы айттық. Енді әңгімеміздің ауанын жаңадан отау құрған жас жұпқа бұрайық. Тойдан кейін екеуіңіз үшін жаңа өмірдің қақпасы ашылады. Өмірлік серігіңіз сіздің алдыңызда шынайы бейнесін көрсетеді. Сізді "қызым" деп емес, енді "әйелім" деп қабылдайды. Екеуінің арасы жер мен көктей. Сіз де бұрынғы еркеліктің бәрін тастап, бір жігіттің жан жарына, отбасының ырысына айналасыз. Күйеуіңіздің күнделікті әдетін, отбасындағы орнын байқайсыз. Оған не ұнап, не ұнамайтынын білесіз. Осыған сәйкес өз-өзіңізді қайта тәрбиелейсіз. Ол да сізге сәйкес бейімделсе, арада түсіністік орнамақ. Түсіністік – бақытты отбасының алғашқы баспалдағы. Бұл туралы Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты" кітабында былай жазылған: "Бақытжан екеуміздің ақ некеміз қиылып, шаңырақ көтергенімізге жылдан жаңа асқан кез еді. Жас жұбайлардың ыстық-суығы басылмаған мерзім деуге болатындай уақыт. Осы аралықта менің анық байқағаным, қыз бен жігіт болып кездесіп, қыдырып жүретін арақатынас бір бөлек екен де, үй болып үйлесу мүлде басқа екен. Ата-ананы, туған-туысты қуанышқа бөлеп, думандатып, дүркіреп той өтеді. Қонақ тарқайды. Енді кәдімгі қарапайым күнделікті тіршілік басталғанда жас жұбайлар бірін-бірі бар болмысымен жақыннан танып, басқа қырынан көріп сүйсінуі немесе өкінуі ғажап емес. Мінез-құлықтағы бұрын байқалмаған, байқалса да, майда-шүйде деп елемеген әдет-дағдыдағы көңілге томпақ келер тұстар көріне бастайды екен. Олардың бойындағы сәйкессіздік, көзқарастарындағы үйлеспеушілік салдары жас жұбайлар үшін нағыз ұрымтал да қауіпті мерзім осы ма деймін?! Әсіресе біз секілді біреуі – «сорок», біреуі «қырық» дейтін тау мен баудай екі адамның жіксіз жымдасып, бір бүтінге айналуы деген ащы теріңді талай төккізіп, төзім мен түсінісуді қажет ететін үлкен белес екен".