Той жасау шешіміне бекіген кез келген жұп ең алдымен осы бір тамаша сәтті дүркіретіп тойлау жайына бас қатырады. Қай кезде де той жасау оңай болмаған, бүгінгі таңда да бұл – жастар мен ата-аналарды түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырған өзекті мәселеге айналып отыр десек, артық айтқанымыз емес. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" деген қазақ бүгінгі заманның керуеніне ілесіп, той жасамай-ақ АХАЖ-дан неке қидырумен-ақ бүкіл мереке-мейрамға нүкте қоюды жөн көруде. Алайда қалтасы қалың болмаса да, бір перзентіне той жасап беруді мойнындағы мәңгілік борышы санайтын ата-ананың қарасы әлі көп. Көп бола да бермек. Өйткені, той дегеніміз: әке-шешенің ел алдындағы абыройы; өмірде бір-ақ рет келуі тиіс қайталанбас мереке; ата-бабадан қалған дәстүр; тәтті естелік, әдемі әсер, көңіл қуанышы.
Бұған келіспейтіндер де бар. Олардың ойынша, той дегеніміз: құр ысырап; қарызға бату; әуре-сарсаңға салыну.
Расымен солай ма? Қазақ "қонақ несібесімен келеді" деп қонақты құт көрген. Тойға шақырылған әр қонақ осынау ұлы қуанышқа екі жастың жақсылығына ортақтасып, ақжарма тілегін арнау үшін келеді. Ырымшыл халқымыз "жақсы сөз – жарым ырыс" деп, айтылған әр тілекке құлақ қойып, ерекше мән береді. Той – туған-туыстар мен достар арасындағы сыйластық қана емес, алыс-беріс мекеніне де айналғанын жасыра алмаймыз. "Ұлымның тойына Пәленше осынша қаражат берді, мен де соны апарайын" деп сыйлас адамдар тойда берілетін сый-сыяпатты бір-біріне қайтаруды міндет санаған. Осылайша нағыз керек кезде жақын адамдар бір-біріне көмек қолын созған. Бірақ той жасауға шамасы жетпесе де, достың күлкісі, дұшпанның табасына қалмай, "ел алдында басымды көтеріп жүрейін" деп намысқа тырысып, қарызға белшесінен бататындардың ісін ешкім де құп көрмек емес. Олардың дені не жылдан-жылға жалғасып, шеті көрінбей титықтататын несиеге шырмалады, не үй, көлік секілді бағалы дүниелерін саудалап, қарызы қабырғасына батқанда, зар қағып жатады. Осы және басқа да көптеген себепке сүйенген кейбір жастар ата-ананың ақ батасымен-ақ тыныш қана отау құруды жөн санауда. Той жасамайтын жұптар бүгінде өз ішінен екіге бөлінген: қаржының қиындығынан қашып, той жасамай, неке қидыратындар; "той жасауға кететін ақшаны өзімізге беріңдер, оны екеуміз жаратамыз (жер, көлік, т.б. аламыз, депозитке саламыз) немесе сол ақшаға шетелге шығып, демалып келеміз" дейтіндер.
Үйлену тойын өткізбей, отау тіккен жастардың жүрегінде "қалыңдықтың ақ көйлегін кие алмадым", "жарқыратып бір тойымды жасай алмадым" деген сияқты өкінішті ойдың мәңгілікке қалатынын жоққа шығару мүмкін емес. Бұл тұрғыда 150-200 адамды шақырмай-ақ, ет жақын бауырлардың арасында ғана ақ көйлек киіп, шағын той өткізу – ұтымды шешім болмақ. Жүлде әкелмейтін бәсекелестік бәйгесінің желеуімен бір тойды екіншісінен артық етіп жасаудың соңы ерте ме, кеш пе, қара су ішіп отырмаса да, қалт-құлттап күн көрген қарапайым қазақтың санын соқтырып, бармағын тістетеді. Отбасы берекесінің ортаюына септігін тигізетін – осындай себептер. Сондықтан тойды дүбірлетіп өткізуден бұрын екі жастың ертеңгі күнін көбірек таразыға тартқан ләзім.