Той алдында кез келген адам қобалжиды. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" дейтін халқымыз тойға бірнеше ай бұрын дайындық жүргізеді. Құдасын ақ кілеммен көтеріп қарсы алмаса да, төріне шығарып, төбесіне көтеріп қонақ қылатын қазақ "той десе, қу бас домалайды" деп бекер айтпаған. Ал өз үйінен мәңгіге өзге босағаға аттанып, жат жұрттық болғалы отырған қалыңдық, әсіресе, ұзату тойының алдында ерекше толқиды. Жаңа өмірге қадам басу шешіміне бекіген кез келген бойжеткен сүйгеніне көзсіз сенсе де, таңдаған жолының дұрыс-бұрыстығына іштей күмәнданады. Күмән – той алдында міндетті түрде туатын сезім. Қалыңдықтың алдынан тұрмыстық сипаттағы мәселелер де шығады.
"Сүйгенім ата-анама ұнай ма?", "Құдалық сәтті өте ме?", "Өз үйім жаңа құдаларын қалай қарсы алады?", "Той ойдағыдай бола ма?", "Қонақтар келмей қалмай ма?" сынды толассыз сұрақтың соңы "Сән салоны өз арманымдағы шаш үлгісін жасай ма?", "Той көйлегім билеуге ыңғайсыз емес пе?" сияқты ұсақ-түйек сауалдарға жалғасады. Бұның бәрі бойжеткенді шағын күйзеліске түсіреді.
Әке-шешесін, бауырларын көргенде, жылап жіберіп, тойдың сиқын бұзбас үшін қыз бала өз-өзін психологиялық түрде ұзақ дайындайды. Осы жасқа дейін бағып-қағып жеткізген аяулы ата-ананы қиып кету оңай емес. Той ең алдымен – үлкен қуаныш. Сондықтан бойжеткен өз тойын барынша көңілді етіп өткізуге тырысады. Бірақ әке-шешесі, бауырлары шығып, тілек айтқанда, баяу әндер қосылғанда, вальс билегенде онсыз да көңілі босап отырған бойжеткеннің жанарына жас үйіріледі. Ұзатылып жатқан қыздың ел алдында еңкілдеп жылағаны ерсі көрінеді, сондықтан көзге іркілген жасты саусақпен сүртіп, өз-өзіңізді қайта жинақтағаныңыз жөн. Тойда өз-өзін "жыламаймын" деп үгіттеп тастап, қазықтай қатып қалатын қалыңдықтар да бар. Бұл да дұрыс дей алмаймыз. Барлық нәрсе өз орнымен, шегімен болуы тиіс. Ұзатылып жатқан қыздың көзіне жас алып, көңіл толғанысын білдіруі тойдың сәні іспетті.
Қалыңдықтың екінші уайымы – беттегі бояудың бүлініп кетуі. Макияждың маңызы қыздар үшін аяқ киім, той көйлектен кем түспейді. Сондықтан "жыласам, макияжым бүлінеді" деп өз-өзін ұстап тұратын қалыңдықтар да бар.
Әр адамның өміріндегі ең ерекше мереке төрт-бес сағатта өте шығады. Одан тәтті естелік пен әдемі әсер, көзге ыстық суреттер қалады. Бастысы – енді сіздер біргесіздер. Қобалжу да, күйзеліс те артта қалуы тиіс. Әр той күтпеген қызыққа толы болады. Сондықтан уайымға салынбай, жаныңызға тыныштық сыйлайтын істермен айналысыңыз, той алдында өзіңізге демалып алуға мұрша беріңіз. Тойыңыз тойға ұлассын!