Тойдан кейін сүйікті жарыңның әке-шешесін, бауырларын атау сізге оңайға соқпайды. Мүлде бейтаныс жандар енді сіздің екінші әке-шешеңіз. Өзіңізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай осы күнге жеткізген әке-шешеңіз сізді құтты орнына қондырған соң, бір борыштарын өтеп, елге кетеді. Сіз енді жаңа үйдің – келін боп түскен үйдің тұрғынысыз. Сүйікті жарының әке-шешесіне бірден бауыр басып, "мама", "папа" деп кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бір жағынан бұл сіздің тарапыңыздан өз әке-шешеңізге жасалған сатқындық сияқты сезіледі. Осы сияқты тұманды ойдың түбінде жүргенде, бөтен жандарды әке-шеше ретінде қабылдау қиынға соғады. Бірақ жат жұрттық қыздың қырық жаны бар. Сондықтан "сүйгенімнің әке-шешесі – менің де әке-шешем" деп өз-өзіңізді сендіріңіз. Өйткені шындық – осы. Оның үстіне бір рет "мама", "папа" деп айтып көрсеңіз, бойыңыз үйреніп, араға жылы қарым-қатынас орнатасыз.
Келін боп түскен алғашқы күндері қыз бала жараланғыш, сезімтал келеді. Не болса, соны ойлап, біреу қатты дауыс көтеріп қалса, көз жасына ие бола алмай, жылап қалады. Өзінің жылы ұясын қимайды, әке-шешесінің жанында болғысы келеді, бауырларын сағынады... Бұл күндері жас келін жалғыздық сезімін басынан өткереді. Қасында жан жолдасы болса да, ол жұмыстарымен кеткенде, жапан далада жалғыз өзі қалғандай күй кешеді. Бұл сезімнің бәрін батылдықпен жеңу оңай емес... Бірақ бәріне уақыт төреші.
Халқымыздың бойына сіңген дәстүр бойынша, келін бала алдымен түскен жерінің үлкен-кішісі, ерлер мен әйелдеріне өзінше ат қоя білуі тиіс. Ол қазақта «ат тергеу» деп аталады. Ат тергеу дегеніміз қайын жұртын тікелей атымен атамай, арнайы ишаралап ат қою дәстүрі. Бұл жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, әдебінің игі көріністерінің бірі болып саналады. Ат тергеу кезінде жаңа түскен келіннің тапқырлығы, сөзге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған. Келіннің жас мөлшері, мінезі, келбеті мен бойындағы ерекше қасиетіне, болмыс-бітіміне, туыстық қатынасы мен мәртебесіне қарай қисынын келтіріп, ұтымды ат қоя білуі оның тапқырлығы мен даналығының көрінісі ретінде бағаланады. Ұлттық дәстүр жолымен әйел адам атасының, қайын аға, қайын іні-сіңлісінің атын атамай, өзіне лайықты жарасымды ат қояды. Мысалы, «үлкен ата», «бай атам», «ақ әже», «кенже бала», «ерке бала», «мырза жігіт», «төре жігіт», «мырзатай», «би ағам», «шырайлым», «кекілдім», «арайлым», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөз», «шашбаулым», «еркем», «ерке қыз» т.с.с. Бойы кішілеу інісін «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» деп те атап жатады. Бұл сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі. Ер адамдар ақсақалдар мен өзінен үлкенді «ата», «әке», «ереке», «жәке» деп құрмет көрсету осы дәстүрден туындаған. Осы бір әдет-ғұрыптан жасы үлкен адамды сыйлаудың озық мәдениетін көруге болады.
Егер сүйіктіңіздің бауырларына ат қоюдан қашсаңыз, оларды тікелей атымен емес, еркелетіп атауыңызға болады. Мысалы, Айдос - Әбеке, Гүлім - Гүлок, Берік - Беке, т.б.
Жазбаға neke.kz сайтынан алынған мәліметтер пайдаланылды