Кібісе жылы. Үрей мен ақиқат

Төрімізден орын алған 2012 жыл - Юлиан күнтізбесі бойынша, Кібісе (високосный) жылы. Әлем халықтары басқа жылдармен салыстыра қарағанда, Кібісе жылына ерекше көңіл бөліп, үреймен қарап жатады? Мұндай ерекше қызығушылық пен үрейдің астарында не жатқанын білгіңіз келе ме? Ендеше назар аударыңыз!

Түрлі наным-сенімдер, ырым-тыйымдар Кібісе жылының атымен байланысты. Бір жағынан қорқытып тұрса, екінші жағынан қызықтырып, қиялыңды дүрліктіріп тұрады. Ал кейбіреулер керісінше, дәл осы жылды ең бір сәтті, бақыт әкелетін жыл деп есептейді. Сонымен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Ең кең таралған ырымдарды бірге отырып талқылайық.                      

Бірінші ырым - Кібісе жылы үйленуге болмайды. Кібісе жылы қиылған неке бақытсыз болады: ерлі-зайыптылар ерте ажырасады, не екеуінің біреуі тым ерте суынып кетеді я болмаса, жас жұбайлар бірге тату-тәтті өмір сүре алмағандықтан, тойдан кейін бір-бірінің көзіне шөп салады деген ырымдар бар. Ал статистикаға сүйенер болсақ, жоғарыда аталған ырымға ешқандай дәлелдер жоқ, яғни осы жылы басқа жылдарға қарағанда ажырасып не табысатындар санында ешқандай айырмашылықтар байқалмайды. Ырымды халық арасында кең тараған 07.07.07, 08.08.08, 09.09.09 күндеріне сай келетін «бақытты» күндермен қарама-қарсы алып қарауға болады. Дәл осы күні некелерін қиып үлгеруге қаншама жастарымыз асығып жатады. Ал осы күні ерлі-зайыпты атанғандардың бүгінде қаншамасы ажырасып, бір-бірінен бөлекте жүр. Мұндай ерекше күндерге қарамастан, тұрмыс құрған қанша миллиондаған адамдар бақытты өмір сүріп, бірге қартаюда. Сондықтан бұл ырымды «себетке» салып тастаңыз да, ұмытыңыз!


Екінші ырым - Кібісе жылы өлген адамдар саны көбейеді. Десе де, бұл ырымның да нақты дәлелі жоқ. Бұл да кібісе жылына деген үрейден туа салған наным-сенім десек артық айтқандық емес. Тап бір басқа жылдарда өлім-жітім болмайтындай-ақ...

Үшінші ырым - Кібісе жылы табиғатта «аласапыран» орнайды. Адамдарға салсаң, жамандық шақырудың шеберлері. Бұл да бір бос наным. Мәселен, ұзаққа бармай-ақ, 2011 жылғы Жапониядағы сұмдықты алып қарайық, оның кібісе жылымен ешқандай байланысы жоқ. 1812 жылы Напалеонмен болған соғыстың дәл осы Кібісе жылы болғандығы осы ырымның шығуына себеп болуы мүмкін. Бірақ қаншама адамның өмірін жалмаған 1941 жылғы соғыс бұл жылға сәйкес келмейді. Осыған орай, ғалымдар да осы жылы болатын жер сілкіністері мен вулкан атқылаулардың, апаттардың, террористік актілердің санын есептеп шығарды, кәдімгі жылдардан ешқандай ерекшелігі жоқ!  

Төртінші ырым - Кібісе жылы ештеңе өзгертуге болмайды. Кібісе жылы болатын кез келген өзгеріс қауіпті екен... Ырым дәл осы жылы сізге жұмысыңызды, тұрғылықты жеріңізді, тіпті шашыңыздың түсін өзгертуге тыйым салады. Бұл да бір тиіп-қашпа әңгіме. Мәселен, сізге жаңа, жоғары қызметтегі, қызықты қызмет ұсынылды. Сіз Кібісе жылы болғандықтан ғана тамаша мүмкіндіктен бас тартпайсыз ғой?! 

Бесінші ырым - бұл жылы ештеңе бастауға болмайды. Кібісе жылы бизнесті бастауға, үй немесе монша тұрғызуға, салымға ақша салуға болмайды деп есептелінеді. Астрологтардың пайымдауынша, бұл ырым рас! Кібісе жылы төртжылдық циклді бастайтын болғандықтан, сіз өз бастамаңызға салғырт қарайтын болсаңыз, бастаған ірі ісіңіз құрдымға кетеді. Ал бұл проблемалардың Келесі кібісе жылына дейін жалғасып кетуі ғажап емес. Сондықтан бұл ырым «жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» қажет етеді. Жоғарыдағы бастамаларды кез келген басқа жылда іске асырыңыз, тек Кібісе жылында емес!

Алтыншы ырым - аяғы ауыр әйелдерге шаш кесуге болмайды. Орыс халқының қалыптасқан салты бойынша, Кібісе жылы өмірге нәресте әкелетін ананың шашын кесуіне үзілді-кесілді тыйым салынған. Ырым орындалмаған жағдайда, сәби ақылсыз, әлсіз болып қалыптасады екен. Бұл ырымға сенейін десек, Кібісе жылы туылған небір ұлы тұлғаларымыздың аналары оларды құрсағында көтеріп жүргенде шашатарын қимай жүрді дегенге сену қиын.  

Жоғарыдағы біз талдаған ырым-тыйымдарды ақиқат деп қабылдау да, қабылдамауда сіздің құзырыңызда. Жалпы барлық нәрсе ішкі наным-сенімнен деп жатады. "Адамның емес, Алланың айтқаны болады". Біз де Кібісе жылының бәріміз үшін сәтті өтуін тілейміз!

Сурет: statusyblog.ru, lovetrend.kz