Қазіргінің дерті – ғаламтор

Қазіргінің дерті – ғаламтор

ХХІ ғасырдың басты жетістіктерінің бірі – мобильділік. Бүгінде барлығы өте жылдам әрекет жасайды.

Егер бұрынырақта баяу жасайтын дербес компьютерді күтіп, бір құжатты дайындайтын болсаңыз, қазір мықты девайстар бұл мәселені артта қалдырды. Уақыт та тез өтетін болды.

Бір босаған минутыңызды сіз міндетті түрде ғаламторды пайдаланумен өткізесіз. Рас емес пе?

Әрине, қазірде оның пайдасы мол. Оқуда, жұмыста, ізденуде ғаламтор тамаша көмекші. Алайда, ғаламтор «дертіне» шалдығып, оның құрбаны болған жандар көп.

Досыңызбен кездесуде өзіңізді ұстай алмай, телефонға қарап, келген хатқа жауап бересіз. Айтып жатқан әңгімесін тыңдамай, бар ойыңыз смартфоныңызға бағытталады. Шын мәнінде телефонға сіздің жауабыңыз тез арада қажет емес, тіпті, назарсыз қалдырсаңыз да оған бәрібір. Ал досыңыз назарсыз қалғаны үшін қатты өкпелеуі мүмкін.

Жұмыстағы, мектептегі жиналыс барысында басты төмен қаратып, әлеуметтік желілерді шарлап отырасыз. Ал сол жиналыстан сіз өзіңізге қажетті, пайдалы, дамуға септігін тигізетін ақпарат, мүмкіндік табуыңыз мүмкін. Алайда, телефоннан көз ала алмай, барлық есту, көру, сезу реакцияларынан айырылғандай отырасыз. Кінәлі телефон ба?

Кешкісін сүйікті телехикаямызды қосып, сағаттап көз айыра алмаймыз. Бұрын жүктеу мүмкіндігі болмағанда біз күн не апта күтіп, жаңа серияны ең ұзағы 1,5 сағат көретін едік. Қазірде теледидарды да ұмытып, жақсы сайт тауып, сол жерден 1 серия емес, 1 маусымды көріп тастаймыз. «Ича мен Мити не істейтін болды? Фериде сүйгенімен қосыла ма? Анандидың тағдыры не болмақ? Хюрремдікіндей сырғаны кеше дүкеннен көріп едім» деген ойлармен күн өткіземіз.

Әрине, сериал қарау – ауыр күннен кейін босаңсып, демалуға көмектесетін әдістің бірі. Алайда, біреудің өмірін уайымдап, қайғыға батып, күні бойы көңіл-күйсіз жүру жүйкеңізге, психологиялық жағдайыңызға әсер етеді.

Пошта, гугл поштасы, вконтакте, фэйсбук, тамблер, твиттер, инстаграм сияқты барлық желілерді қосып, келген әрбір спам хатқа дейін қарайсыз. Инстаграмдағы «лүпілдер» санын әрбір екі минут сайын тексеріп отырасыз. Тіпті, қолыңыз бос болмай, жұмыс істеп отырсаңыз да, кімнің лүпілдеп, кімнің назарсыз қалдырғанын бақылап отырасыз.

Бар алтын уақытыңыз – әлеуметтік желілерге кетеді. Ғаламтор – адам баласына берілген тамаша мүмкіндік. Онда біз бұрын соңды білмеген қызықты ақпараттарды оқып, күлкілі, көңіл көтеретін видеоларды көріп, тіпті қымбат, қол жетпейтін кітаптарды мыңдап жүктеп алып, оқи аламыз. Табысымызға жетелейтін пайдалы, сапалы ақпараттарды тез арада алып, жаңа білім сусындаймыз. Сол себепті ғаламторды өзіндік дамуымызға пайдалана білейік.

Әлеуметтік желіге тәуелділіктен арылу үшін тексерілген тәжірибені ұсынамыз. Ол - спортпен айналысу. Ер жігіттер белгілі бір спортпен немесе қарапайым жаттығумен айналысып, қыз балалар бимен, жүзумен, йога немесе жаттығумен айналысуына болады. Оқу, жұмыстан кейін тамақтанып алып, бір-екі сағаттан соң залға барып, жаттығасыз. Екі сағаттық жаттығу жұмысы - денсаулығыңызға, көңіл-күйіңізге, өзіңізге деген сенімге игі әсер етеді. Қайтып келіп, шаршайтыныңыз соншалықты, тіпті, телефонды ақтаруға мұршаңыз жетпей, демалып, ұйықтап қаласыз. Нәтижесі - тәуелділіктен арыласыз, денсаулығыңызды түзейсіз, өзіңізге сенімді боласыз.

Іске сәт!

Сурет: wordpress.com

Ұқсас жазба:

Әлеуметтік желіде отырасыз ба?

Ф. Абилова