- Негізгі бет
- Психология
- Қазіргі заман жігіттеріне...
Қазіргі заман жігіттеріне ұнамсыз қыз қылықтары
Желідегі желөкпелердің желкеніне ереміз деп, кейде жақындарымызға жеткілікті көңіл бөлуді ескермейміз. Қазір сөз еткелі отырған, көбінесе қыздар әуес болатын көңілге қонымсыз қылықтарға жігіттер ғана емес, барлық адам ұнамсыз көзқарас танытады.
Селфи сүйгіш сұлу. Фото – әр сәттен қалатын ескірмес естелік. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ өміріңіздің әр минутын селфи-естелікке тәуелді етіп қойсаңыз, сурет үшін ғана өмір сүріп жүргендей болып қалмайсыз ба? Мезі етіп алмаңыз.
Телефоннан бас алмайтын ару. Жігітпен кездесерде, оны болашақ тағдырымды байланыстыратын жан деген оймен барасыз. Ал барып алып, санаулы сағаттың жартысынан көбін телефонға арнасаңыз, кездесудің құны қанша? Сізге болашақ тағдырыңыз маңызды ма әлде инстаграмдағы бейтаныс «таныстарыңыздың» не ішіп, не кигені маңызды ма? Сарапқа салыңыз.
Түркияда «тұрған» ханшайым. Бір кезде Түркияға не өзге шетелге іссапармен, болмаса оқу барысымен барып, бірнеше уақыт сонда тұрдыңыз делік. Қазір өз еліңіздесіз. Сізге қаншалықты жағымды әсер етсе де, ол әсерден шыға алмай жүрсеңіз де, жігітіңізге үнемі сол жер туралы айта берудің қажеті жоқ. Енді ол кездегідей баклава мен түрік кофесі жоқ. Айта берсеңіз де, дәл қазір қайта айналып келмейді.
Жігіті басқа қыздарды айта бастағанда ғана елейтін адам. Жігітіңіздің қаншалықты қадірлі екенін ұғыну, бағасын білу үшін басқаға көз салуы міндетті ме? Онда осылай қамсыз жүре беріңіз. Бір күні басқаға үйленіп те кетер...
Алдын ала болжағыш бойжеткен. Жігітті алғаш көрдіңіз. Жаман емес секілді. Сіздің телефон нөміріңізді сұрады. Айтқыңыз келіп тұрса да, біраз қиқарылық танытып, жалындырып, әрең айттыңыз. Ойландыңыз. «Түрі тартымды екен. Адаммен жақсы араласады. Балаларды жақсы көретінге ұқсайды. Демек, жақсы әке болады. Анасын өте сыйлайды. Онда жақсы жар бола біледі. Қашан сезімін білдерер екен». Иә, иә... Қыздардың барлығы дерлік осындай. Бірақ бұл жігіттерге ұнамайды екен.
Әр ай сайын телефон нөмірін ауыстырып, жоғалып кететін жұмбақ қыз. Жігітпен ұрысып қалған сайын нөмір ауыстыру жақсы әдет емес. Алты ортақ таныс арқылы әлемдегі кез келген адаммен танысуға болатын қоғамда керек жан іздегенін жердің астына түсіп кетсе де, табады. Қиындықтан қашып құтылудың оңай жолы бұл емес. Қаламасаңыз, «Мен сізбен араласқым келмейді», «бұдан былай хабарласпаңыз» деп ашып айтыңыз.
Салауатты өмір салтын ұстанатын сұлу. Газды сусындар, спиртті ішімдіктер, тез дайындалатын көше тағамдары, жануар етінен әзірленген астар, түрлі қытырлақтар (чипс, сухари, попкорн). Сіздің тамақтану тәртібіңізде бұл зиянды нәрселерге орын жоқ па? Ондай қасиетті жігіттің де бойына сіңіремін деп әуре болмаңыз. Сіз қарсы болған сайын, қайта-қайта айта берген сайын, өршеленіп, осындай тағамдарға әуестігі артуы мүмкін.
@. @assel_assanova