- Негізгі бет
- Психология
- Қазақта баланы әжесі...
Қазақта баланы әжесі неге емізген?
Біз барлығымыз күйзелісі көп, қарбалас уақытта өмір сүреміз. Ал ата-аналардың өмірі одан бетер уайымға толы. Баланың материалдық жағдайын жасаймыз деп, көпшілік оларға қажет деңгейде көңіл бөле алмай жатады. Бірақ бұл бекер. Себебі асып-тасып өмір сүргендер емес, туғандарының мейіріміне бөленіп өскен бала ғана бақытты болады. Иә, бақыт деген бір күні күмп етіп түсетін олжа, не ұшып кеп басыңа қонатын құс емес, ол адамның саналы түрде кешетін күйі. Яғни, жастайынан махаббат сезген бала, автоматты түрде барлығын позитив қабылдап, үнемі гармонияда болады.
Ғалымдар соңғы он жыл ішінде жүргізген зерттеулердің нәтижесі бойынша, адамның балалық шақта алған махаббаты мен оның болашақта дені сау болуы, өзін бақытты сезіне білу қасиеті арасында үлкен байланыс бар деген қорытындыға келген.
Ата-аналардың балаларына айтқан жылы сөзі мен сүйіспеншілігі олардың жеке тұлға ретіндегі қабілетіне, мінезі мен дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етеді. Оларды психологиялық және мінез-құлық мәселелері мазаламайды.
Мейірімге бөленбей өскен балалар өзін-өзі төмен бағалайды, мектептегі үлгерімі нашар, анасы мен әкесіне деген сенімі төмен. Өзін ортада бөтен сезініп, өзгені жау көріп, агрессивті мінезінің салдарынан қоғамға жат сезінеді.
2010 жылы Дьюк Университетіне қарасты Медицина мектебінің зерттеушілері өте мейірімді және баласының сезіміне мұқият қарайтын аналардың балалары бақытты, көңілді және тынымды болып өсетінін анықтады. Зерттеуге сәби кезінен бастап 30 жасқа дейін бақыланған 500-ге жуық адам қатысты.
Психологтар сегіз айлық балалардың дамуын бағалау кезінде аналарының сәбимен қарым-қатынасын бақылап отырған. Олар әр ананың өз баласына қаншалықты үйір екенін бес балдық жүйемен бағалаған. Аналардың шамамен 10%-ы балаға көңіл бөлудің төмен деңгейін, 85%-ы қалыпты және 6%-ы тым жоғары деңгейін көрсеткен.
Кейін олар өскен соң сол балалармен эмоционалдық денсаулығы туралы сұхбат жүргізілген. Аналары бала кезінде көп көңіл бөлгендерінің есейгенде басқаларға қарағанда күйзеліс пен мазасыздық сезімі аз болған.
Нәтижесінде зерттеушілер ата-ананың махаббаты балаларға оң әсер етуінің себебі окситоцин гормонымен байланысты деген қорытындыға келді.
Жұмыс барысында мінез-құлқы тұрақты, эмоционалды көңіл-күйі қалыпты балалардың ата-аналарымен байланысы жақын екені байқалады. Олардың балаға әуел баста берген тәрбиесі мен өзара қатынасының ұштасуы баланың гармонияда болуы мен болашақ жолын дұрыс таңдай білуіне әсері зор.
Әрине, ол толыққанды тұлға болып өсуі үшін кішкене кезінен жиі мақтау сөз естуі керек, оны құшағына алып, еркелету керек. Яғни, физикалық жақындық айтылған сөздің іс жүзінде көрсетілуі іспетті.
Ең алдымен өзге емес, өз ата-анасы қолпаштап отыруы керек. Бала өміріне керек мейірімді даладан емес, туғандарынан алуы тиіс. Баланың психологиялық мәселелерін өзгеден көруге бейім ата-аналар бар. Бұл қате. Себебі бала өз ата-анасының айнасы.
Нұрлы Ғабдрахим, психолог маман
2013 жылы Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде жүргізілген зерттеу көрсеткендей, ата-аналардың шексіз сүйіспеншілігі мен мейірімі балаларды эмоционалды түрде бақытты әрі мазасыз болуының бірден бір себебі. Бұл мида жасушалық деңгейде болатын өзгерістерге байланысты.
Сонымен осы зерттеулердің нәтижелерінен қандай қорытынды жасауға болады? Иә, үнемі баланың көңіл күйінен хабардар болып, онымен тығыз байланыс орнатыңыз:
1. Сәбиді перзентханадан үйге әкелген сәттен бастап оны міндетті түрде қолыңызға алып, жиі көтеріңіз, мүмкіндігінше арқасынан жиі сипаңыз.
Анасының алақанын сезгенде бала тынышталады. Бұл сіз оған осы жаста бере алатын ең жақсы нәрсе.
2. Ересектеу баламен көңілді болыңыз.
Бала сәл өскенде онымен көңілді ойындар ойнаңыз, бірге би билеңіз, сурет салыңыз, конструктор жинаңыз және т.б. Қолынан ұстап серуендеңіз. Басынан сипаңыз.
3. Құшақтауды күнделікті өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналдырыңыз.
Балаларыңызды құшақтауды ұмытпаңыз. Мысалы мұны күннің белгілі бір уақытында мектепке кетер алдында, мектептен шыққанда және ұйықтар алдында жасаңыз.
4. Баланы тәртіпке шақырған кезде де оған деген сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз.
Балаңызға оның бірдеңе дұрыс емес жасағанын немесе өзін дұрыс ұстамағанын зекіп айтпай, керісінші, мейіріммен түсіндіріп, соңында оны құшақтаңыз. Бұл арқылы сіз оның әрекетіне риза болмасаңыз да, оны бәрібір жақсы көретініңізді көрсетесіз.
Бізге Батыс психологтары ұсынып отырған бұл кеңес бала тәрбиелеудегі өзіміздің ұлттық әдістерге де қайшы келмейді. Мысалы "Қос ананы тел емген" деген тіркес жиі қолданылады. Мұны, әдетте, абысындар бір-бірінің балаларын емізгенде айтады. Бұл тіркесті әжесінің омырауын еміп өскендерге қатысты да қолданатыны рас. Яғни, әу бастан сүт шықпаса да, баланы мейірімге бөлеп, аналық махаббатын білдіру үшін әжелер немересін қойнына алып жатқан. Балалардың әлі күнге дейін осылай өсетіні бар. Мұндай мысалдар көркем әдебиетте де кездесіп жатады.
"Тәй-тәй басқан күннен әжесінің бауырында ерке-шолжаң өскен Саршатамыз, тіпті ересек тартқанға дейін, шандырланған кәрінің омырауын созғылап сора береді екен. Осылайша "арда" еміп өскен жігіт бұл дүниеде мұң-қайғы, жамандық пен жақсылық, күреске толы жылдар мен бұралаң соқпағы көп жолдар барынан мүлдем қаперсіз, тілін шайнап, сақаулана сөйлеп ер жетеді".
Оралхан Бөкей "Қияли"
"Мен бір жасқа толған кезде анам сіңліме аяғы ауыр болып, мені суалтқан. Кейін әжем бауырына басып, мектеп жасына келгенше сол кісінің омырауын емгенмін. Мен ол кісілерді шексіз жақсы көремін. Соларға деген махаббат өзгелерге мейірімді болуға себепкер секілді. Бір жағынан, қазір баланы үлкен кісілерге беру ата-анаға да, балаға да психологиялық ауырпашылық деп айтатын болды ғой. Мен осыған дейін әжемнің бауырында өскенімді мақтан тұтып келдім. Бойымнан қандай да бір асыл қасиет табылса, ол соның арқасы деп білемін."
Әсел Асанова, Massaget.kz сайтының редакторы
Бала адамның сүйіспеншілігі мен жақын эмоционалды байланысын сезінгенде миында окситоцин аталатын химиялық зат түзіледі. Дәл осы гормон, алдымен, ата-анасы, қала берді ет жақын туғандары балалармен жақын қатынас жасап, құшақтап, еміреніп жақсы көрген кезде бөлініп отырады. Сондықтан балаларыңыздың үлкен өмірдегі жолы түзу болсын десеңіз, кішкенесінен мейірімге бөлеуден аянып қалмаңыз.
А. Оралқызы