Қазақстанда "Ал, ажырасайық!" жобасы ашылды

Шеттен келген "Кел, үйленейік" («Давай поженимся!») бағдарламасы елімізде танымалдылыққа ие болып үлгерді. Ал енді оған қарсы  "Ал, ажырасайық!" ("Давай расстанемся") интернет-жобасы пайда болды. Бағдарлама авторлары – психолог Юлия Соколова пен журналист Влад Длиннов. Олар жастарды неке сарайына емес, ажырасу үшін сот залына итермелейді. 

"Қазір жалғыздық пен сәтсіз махаббат құрбандары қоғамдық қайғыға айналды. Кейбірі жар таппай сарылып жүрсе, енді басқасы жартысымен табыса алмай қиналып жүр. Біз бұл жобамызға махаббат шырмауығына шатасқан жандарды қатыстыратын боламыз. Олар да, біз де өтірік оқиғаларды құрастырмаймыз. Бәрі де нақты кейіпкерлері бар дүниелер. Адамдар дұрыс өмір сүруді армандайды. Ал біз солардың армандарының орындалуына қолымыздан келгенше көмектеспекпіз. Мұнда көбіне әйел адамдар келеді. Қазақтың менталитетіне сай ер адамдар көбіне өз проблемаларын іштерінде жасырып жүреді",- дейді психолог Юлия Соколова.

"Ал, ажырасайық!"... Әрине, жоба қатысушыларына бұл сөздің оңай тимесі анық. Олар бағдарламада жылайды, бұл тәуекелге бару үшін қандай себептер болғанын айтып жұртпен бөліседі. Бірақ психологтың айтқан пікірін ұйып тыңдаған ғашықтар түсірілім біткен соң өздерінің бұл істерін дұрыс көрмей қайта қосылуы да мүмкін. Қосылмауы да...

Махаббат жолында айы оңынан тумаған жандар осында келіп, психолог мамандармен кеңес құрады. Өзін қинап жүрген мәселені жайып салады. Сырын ашып, мұңын мұңдайды. Жобаны өмірге әкелген жандар бұл бастаманың ешқандай ағаттығы жоқ деп біледі. Керісінше, осындай психологиялық жобалар арқылы адамдарға көмектескеніне мақтанады. 

Дайындаған: Ақерке Әбліхан

Сурет: tv.headline.kz