Адам болған соң еңбек еткен жөн. Еңбек еткен жан ғана өмір сүрудің мағынасын сезеді, әрине. Еңбексіз өмір тұл.
Ақыл иесі адам түгілі жәндік те тынбай еңбек етеді. Аяғыңыздың астында жүрген құмырсқаның тынымсыз тіршілігі ойландырмай қоймайды.
Адамзаттың бүгінгі жемісін сан ғасырдан бері құлшына жасаған еңбегінен бөле қарау мүмкін емес. Еңбек адамды өзгертеді. Құлшына еңбек еткенде ғана бақыт пен байлыққа қол жеткізуге болады.
Үйсіз, баспанасыз бір кедей шал болыпты. Өзен жағасында ұйықтап, сонда балық аулап күн кешеді екен. Ішер ас пен киер киімге жарымаған мүсәпір әбден қайыршылық халге түскенде қармағына алтын балық ілініпті. Естіп жүрген ертегідегідей балық өзіне жан сауға сұрап, үш тілегін орындауға уәде беріпті. Ойланбастан "Зәулім сарайым, есепсіз мал-дүнием болса" деген екен. Сол сәтте өзен бойында көкпен бой таластырған салтанатты ғимарат пайда болыпты. Қуанып кеткен шал "Осы қалпымнан қырық жас жасарғым келеді" депті. Ол 20 жас қалпына еніпті. Соңғы тілегінде "Ешқандай жұмыс жасамасам, еңбек етпесем" деп тілепті. Сол сәтте-ақ алтын балық қолға түсудің алдындағы мүсәпір, қайыршы шал бейнесіне қайтыпты.
Бұл ертегі де, әңгіме де емес. Қарапайым мысал ғана. Зәулім сарай да, көңіл жастығы да еткен еңбек, төккен тердің қарымтасы.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com