Қайырлы таң, Көктем!

Мінеки, айлар бойы аңсатқан көктем де есіктен қағып тұр. Тамаша маусыммен бірге қыз-келіншектеріміз де құлпыра түсуде. Арамызда ұнжырғасы түсіп, жаңа лепті сезіне алмай жүрген нәзік жандыларымыз да бар шығар. Осы қатардағыларға "Өзіңізге ғашық болыңыз!" деген кеңес айтып, жазбамызды арнағымыз келеді.

Біздің мәдениетімізде өзіңе деген махаббат эгоизм саналады. Ал эгоист болу – нашар адам болу деген түсінік болып қалыптасқан. Ата-аналарымыз да бала кезімізден өзіңді ғана ойлаудың, жақсы көрудің дұрыс емес екендігін құлағымызға құйды. Өзгелерді бірінші қоюға баулыды. Солай дұрыс та шығар... Бірақ, сіз өзіңізді жақсы көргенде ғана сұлу боласыз, өзгені жақсы көресіз, айналадағы оқиғаларға қуанышпен қарауды, жылы қабылдауды үйренесіз. Әсіресе, көктемде өзіңе деген махаббаттың рөлі зор.

Сонымен, өзіңізге қалай ғашық боласыз? Немесе көктемді қалай қарсы алуға болады?

1. Стиліңізді өзгертіңіз. Ол үшін бүкіл гардеробты ауыстырып немесе шашты қырқып тастаудың қажеті жоқ. Бар болғаны бұрын соңды болмаған ашық түсті көйлек, жарасымды шаш үлгісі және жарқын түсті далап жетіп жатыр. Сіз мұнан кейін өзіңізге басқаша қарай бастайсыз, еркелетесіз, әріптестеріңіз де жағымды комплименттер айтатын болады.

2. Көптен бері ойыңызда жүрген жоспарларды іске асырыңыз. Саяхаттағыңыз келе ме? Әлде парашютпен секіруді қалайсыз ба? Уақыт келді. Осы күнге дейін ешбір байқауға қатыспадыңыз ба? Ғаламтордағы әр түрлі суреттер байқауына қатысып, арнайы сыйлықты жеңіп алыңыз. SPA-салондарға бас сұғыңыз.


3. Ұялы телефоныңыздағы қыстың суық, күздің көңілсіз күндерінен хабар беретін әуендерді жаңартыңыз. Дыбыс әуенін де көңілді етіп қойыңыз. Жаңа кітаптар сатып алыңыз. Позитивті киноларға бас сұғыңыз.

4. Өнердің жаңа түрін бағындырыңыз. Күндіз қолыңыз тимесе, кешкісін болатын курстарға жазылыңыз. Сушиді жақсы көресіз бе? Тағам жасауды меңгеріп, достарыңызды жапон дастарқанына шақырыңыз. Үйіңіздің дизайнын өзгертіп, жиһаздардың орнын ауыстырған да жеңілдік сыйлайды. 

5. Әдеттен тыс саяхат ұйымдастырыңыз. Тауға шығыңыз, қайыққа отырыңыз. Немесе басқа қаладағы таныстарыңызға қонаққа барыңыз. Оған мүмкіндік болмаса қолыңызға фотоаппарат алып, туған қалаңызды аралауға шығыңыз. Көктемде қалаңыз жаңа туғандай болады...

6. Достарыңызды таңғалдырыңыз, қуантыңыз. Немесе туыстарыңызды отбасылық түскі асқа шақырыңыз. Жаныңызға жақын нәрсе туралы деректі фильм түсіруге кірісіңіз. Шығармашылық ізденіс өміріңізді толықтыра түсіп, өзіңізге деген бағаңызды арттырады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com