Кейде лажсыз жағдайларға тап болып, қоғамдық мәдениет пен жеке қалауыңыз арасында не таңдарыңызды білмей қалған жағдайлар болды ма? Өзіңізді дөрекі көрсетпей, ыңғайсыз жағдайдан қалай шығуға болады?
Қымбат мейрамханадан кетіп қалу
Жолда тұрған әдемі мейрамханаға кіріп жайғасып едіңіз, ондағы бағаларды көріп, бұл түскі асты қалтаңыз көтере алмайтындығын түсінесіз. Бағаны айтып ұрысып, кетіп қалу ұят, даяшыға көрінбей қашып кету де сіз үшін шешім емес. Ал соңғы ақшаңызды қымбат бір шыны шайға ғана құртып кету де ессіздік.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
Әбігерлікке салынып, бір нәрсе бүлдірген адамдай қашып кетуге тырыспаңыз. Алыстан қарап тұрған даяшыны шақыртып, есіңізге түскен бір шұғыл іспен не біреудің шалған қоңырауына байланысты дереу кету керектігін айтыңыз. Егер даяшы сыпайы болса, рақмет пен қайта міндетті түрде келетіндігіңізді айтыңыз. Бірнеше жылдан кейін сіз осы жерге қайта оралуыңыз да мүмкін. Басты құрал күлкіні қолданып, сыпайы болсаңыз, өзіңіз де, даяшы мен мейрамхана қонақтары да бұл жағдайды тез ұмытып қалады.
Іш пыстырарлық телефон әңгімесі
Қазірде интернет, теледидар мен радио қажетсіз ақпаратпен басты қатырады. Оған қоса телефондағы құрбыңыз екі сағат бос әңгімесімен ішіңізді пыстырды ма? Құрбыңызды өкпелетпейін деп арасында "Иә" деп қойып, әңгімені жалғастыра бересіз бе? Бұл бірнеше сағат уақытыңызды алып, артынан басыңызды шаршатып жіберетіндігін де білесіз.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
Оның әңгімесінің арасында сөз айта алатындай сәтті күтіп, айтып жатқан жағдайына байланысты тұрарлық кеңес айтып, әңгімені тәмамдаңыз. Мүлдем "қоймайтын" болса, қазір басқа шаруаларыңыз бар, ал уақыт болғанда міндетті түрде қайта қоңырау шалатыныңызды айтыңыз, не тіпті кездесуді ұсыныңыз. Әрине ұсынысыңызды ұмытпай, уақытыңыз бен көңіліңіз болғанда міндетті түрде қайта хабарласыңыз.
Сәтсіз кештен кету
Кейбір кешкі отырыстардың тамағы дәмді емес, қонақтары қызықсыз болуы мүмкін. Бірақ кеш иелеріне мұны бетке айта алмай, амал жоқ, кештің соңына дейін сол жерде қаласыз. "Оданша үйдегі қызық кітаптың соңғы 100 бетін оқып тастау керек еді..." деген ой пайда болады.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
Басқалардың кете бастауын күтпей-ақ, қожайындармен қоштасып, кеш үшін рақмет айтып, қайта беріңіз. Ерте кетуіңіздің себебін сұраса, түрлі себептер ойлап табудың орнына, шаршап тұрғаныңызды айтып, үйге барып, демалғыңыз келіп тұрғандығын білдіріңіз.
Ал сіз ыңғайсыз жағдайларда не істейсіз?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: picssr.com