- Негізгі бет
- Психология
- Қайта лаулаған ғашық...
Қайта лаулаған ғашық оты
Бұл қыздың әдеті, демалыс алып, ауылына қайтарда алдымен әлгі жігітке телефон шалады. Онан соң барып ата-анасына «Ауылға қайтатын болдым» дейтін.
Жігіт вокзалда жұмыс жасайтын. Қыз мейлі қашан келсін, мейлі қараңғы түн әлде рауандап атып келе жатқан таңғы сәт болсын, жігіт вокзалдан табан аудармай тұрып, оны күтіп алады. Сонан соң оны үйіне жеткізіп қояды. Жол бойы жігіт онан «Қалың қалай?» деп сұрайды. Қыз «Өзің көргендей» деп жауап беретін. Қыз тұратын ауланың қақпасына келіп, көліктен түскенде жігіт жай ғана «Қашан қайтасың» деп сұрақ қоятын. Қыз бұрынғысындай жауап беретін де, қалтасынан қаладан алып келген екі қап темекіні жігітке ұсынып «Азырақ тарт, жарай ма?» дейтін қиылып. Жігіт әдеппен басын изейтін де, жолына түсетін.
Қыз үйінде болған күндерінде, кластастарымен бірге ара-тұра тамақтануға шыққаны болмаса, жігітпен хабарласып көрген емес. Қыз қайтардан бір күн бұрын үнемі жгіт оған қысқа хат жолдайтын «пойыз билетіңді алып қойдым».
Қыз баратын да жігіттен пойыз билетін алатын. «Міне, ақшаң» деп қыз берген емес, «Ақшасы ше?» деп жігіт сұраған да емес. Олар пойыз жолға шыққанша ананы-мынаны сөз етісетін. Сондағысы, жұмыс, еңбекақы, зат бағасы дегендерден ары бармайтын. Сырттай қараған адамға олар жай бір достар секілді. Өздеріне де солай сезілетін шығар.
Уақыт толды. Жігіт қыздың сумкасын көтеріп, аялдамаға келді. Кейде осындайда қыздың жігітті жеңіл ғана құшақтап қоятыны бар. Мұндайда жігіт «Өзіңе қарайлап жүр» деп, арқасынан қағып қойғанды ғана білетін. Сонда қыз жүрегі қимастықтан езіліп бара жатса да, жібіп сала беретін.
Бұрын ол жігіттің қанша рет өзін осында сарыла күтіп, қаншама рет үйіне жеткізіп қойғаны есінде жоқ. Ойлап көрсе, ол оның жас шағы екен де, жігіттің пойыз қызметкері болып істейтін кезі екен. Сол үшін де пойыз аялдамасы олардың ең көп кездескен, ең көп қоштасқан жері екен.
Бұл ол әр жолы вокзалдан аттанғанда «Енді онымен кезікпейтін шығармын» дейтін. Жігіттің телефонын өшіріп тастайын деп неше рет оқталса да, батылы бармады. Керісінше, қол телефон экраны қосылған кезде көзе бірден түсетін жерге сақтап қойды.
Ол бір күні жігітке еріксіз телефон шалды. Себебі, жұмысындағылардан орынсыз жәбір көрген еді. Университетті енді ғана тауысқан қыз мына қоғамды қанша түсініп жырғатады дейсіз. Болмашы соққы оның жанын ауыртып тастады. Былайша айтқанда, оған түймедей іс түйедей ауыр болып тиді. Сол күні ол телефонда жігіттің «Ало» деген дауысы шығысымен боздап қоя берді. Оның өксігі аяқталған соң барып, жігіт өз қызметінің баяғыдай бір қалыпты өтіп жатқанын айтты.
Қыз жүрегіне батқан нәрсені өксігін баса алмай тұрып айтып салды. Жігіт оған: «Сабырлы, ұстамды бол» дегенді ғана айтты. Екі жыл бойы дидарласқанды қойып, бір-бірінің дауысын естіп көрмеген екеуі, тап бір күнде кезігіп, сырласып жүрген ғашықтардай еміренді.
Қыз көңіліндегі бұлт біртіндеп айықты. Жігітке бәрін айтып шерін таратты. Жігіт те оны тәтті сөздерімен жұбатты. Жігіт қасында болса ғана ол өзін барлық қиыншылыққа төтеп беретіндей сезінді. Жігітті пана тұтты. Әлгінде жігітті көрген сәтте егіле жылағаны да сол. Қит етсе мұңын шағып, көз жасын көлдететін оның бала күннен бергі әдеті еді.
Сол бір күндерде ол жігіттің қабыл алу-алмауымен санаспай, көңіліндегіні оған ақтарып жүрді. Жігіт те мұны жат көрмеді. Білген ақылын айтып, көңілін жұбатты.
Уақыт ағын судай жылжып өте берді. Қыз өмірде ащының да, тәттің де дәмін татып үйренді. Зәредей көңілсіздікке бола жылай салатын күндер келмеске кетті. Жігітпен болған байланысы да сұйыла түсті.
Жігіт қалашықтағы пойыз вокзалының орынбасар бастығы болып өсті. Ал қыз әр жолы демалыс алып үйіне қайтқанда, билет жетіспейтін мереке күндері билет ала алмай қалудан алаңдамайтын.
Баяғы, алғашқы қарым-қатынас бәз-баяғысындай бей-жай күйде өтіп жатты. Қыз билет алып келген жігітке рақметін айтады да, тағы сол қаладан әкелген темекісін ұсынады. «Алмаймын» деп кері қайтарған жігіт жоқ. Кейде осы олардың бүкіл ғұмырын бір-біріне жалғап тұрған пойыз билеті мен екі қап темекі секілді ғана.
Бір жылы қыз басқа бір жігіт мазалай берген соң, жұмысынан бас тартып ауылға келді. Ата-анасына да кездескісі келмеді. Жігіт оған аз уақыт тұратын оңаша үй тауып берді. Арада көп ұзамай қыс та кірді. Әдемі электрлі пеш апарып берді. Оның үнемі жаурап жүретінін жігіт жақсы білетін еді.
Бір жолы жігіт оған телефон шалып кездесуге шақырды. Бірақ, қыз суықтан жасқанып, далаға шыққысы келмеді. Жігіт қолына ұстаған азық-тағамдарын оның бөлмесіне жеткізіп берді. Оның бұйымтайы да осы еді. Қыз баяғысынша оған рақмет те айтқан жоқ. «Үйге кір» деген де жоқ. Бар айтқаны «Машина айдағанда абай бол» деген бір-ақ ауыз сөз еді.
Шағын қалашықта жарты жыл тұрған қыз, бұрын өзі жұмыс істеген қалаға қайтты. Жұмысты іздемей-ақ тапты. Бұған көңілі қуанышты еді. Ақысыз билет, жігіттің арқасында ауылған қайтқандағы жұмыстары оңына басқан қыз жігітпен тілдеспей ұзақ жатты.
Олардың арасындағы бағзыдан келе жатқан байланыс тек қызды күтіп алу мен шығарып салуға ғана құрылғандай.
Осыдан он неше жыл бұрын олар ежелгі ғашықтар еді. Тіпті, көрші тұратын. Жігіт болса қыздан алты жас үлкен. Жігіт қыздың бала ғашығы. Ол да қыздың бойжетіп, ес біліп, етек жабуын төрт көзбен күтті. Қырсық болғанда енді махаббат байласып жүрген кездерінде жігіт жаза басты. Қыз содан бастап одан өзін аулаққа салды. Жігіттің жалынғанына қараған да жоқ.
Жігіттің бір жолығы кінәсіне, «опасыздығына» кектенген қыз өмір бақи кездеспеуге ант етті. Арада ұзақ жылдардан соң жігіт бас құрап, балалы болып, қарапайым тұрмыс өткеріп жатты. Ал, қыз оқуға аттанды. Көп жерлерді кезді. Біреумен махаббаттасты, айрылысты. Қойшы, содан қайтып бағы жанбады. Сор кешті.
Ақыры айналып осы күнге тап болды. Біз бастан аяқ баяндап отырған салқынқанды махаббат олардың қайта кездескен күндері еді. Міне содан бері олардың арасындағы дәл қазіргі көзге көрінбейтін махаббат осы бір шығарып салу, күтіп алумен жалғасып жатыр. Бұрынғыдай алаулаған ыстық сезім жоқ. Тіпті ауызға алуға да қорқады. Уақыттың, тұрмыстың сын сағатынан аман өткен қос жүректе сүйіспеншілік алауы қайта тұтанғанымен, міне осындай тым салқын әрі тым ыстық.
Олардың арасындағы дәл бүгінгі махаббат жастық албырттыққа толы емес, сабырлы да салмақты. Кіршіксіз, зор сенімге жүкті махаббат еді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек