- Негізгі бет
- Психология
- Қайта жаңғырған махаббат...
Қайта жаңғырған махаббат
Бұл әңгімені белгілі бір қазақ тілді сайттан (есімде жоқ) Нұрқанат Нұрдәулетұлының жазбасы арқылы оқығанмын. Кейін бұл туралы бейнебаянды көріп, әсерленгенім бар. Оқырманмен бөлісуді жөн көрдім. Әке деген ардақтыға құрметіміз арта берсін! Әкелерімізді бес күндік жалған дүниеде ренжіте көрмейік!
Жайма шуақ күндердің бірінде әке мен бала үй алдындағы аулада отыр. Әкесі таза ауамен тыныстап, табиғат тамашалап, ал баласы болса, газет оқып отырған. Әкесі елуді еңсерген қарт болса, баласы жиырманың үстіндегі жас жігіт еді.
Бір кезде торғайдың сайрағаны естілді. Әкесі:«Бұл не?»,- деп сұрады. Ересек баласы: «Торғай ғой, әке!», -деді қалыпты күйін бұзбай. Кейін торғайдың «пыр» етіп ұшқан даусына әкесі тағы: «Бұл не?»,- деп сұрады. Баласы: «Торғай дедім ғой»,- деп жауап берді. Торғайдың үні тағы естілген кезде: «Бұл не?»,- деп сұрады әкесі тағы да. Сонда баласы: «Әке, торғай ғой бұл»,-деп дауыс көтере жауап берді. Әкесі үнсіз қалды!..
Содан әлгі торғай әке мен баланың алдына келіп қонды. Енді не дер екен дегендей әкесі «Бұл не?» деген сұрағын баласына тағы да қойды. Сол кезде баласы қызылкеңірдектеніп: «Әке! Торғай ғой бұл, торғай! Торғай! Торғай! Сіз мені мазақ қылып тұрсыз ба?!»,- деп жаға жыртысардай күйде жауап берді. Тіпті, «сізге не болған» деп себебін де сұрамады. Әкесі үндеместен орнынан тұрып үйіне қарай беттеді.
Әкем ренжіп қалды-ау деп ойлаған баланың: «Әке! Әке!» деген дауысына құлақ та түрмеді. Сөйтті де үйден ескі күнделік дәптерін алып келді де баласына беріп: «Мына бетті оқы!»,- деді көрсетіп. Баласы үңіліп оқи бастады. Онда 20 жыл бұрын болған мына бір оқиға жазылыпты:
«Мен бүгін төрт жасар ұлымды саябаққа ертіп бардым. Саябақта отырғанда алдымызға бір торғай ұшып келді. Балам менен: «Бұл не?»,- деп сұрады. Мен: «Бұл торғай»,- деп жауап бердім. Осы сұрағын 21 рет қайталады. Мен бәрінде де: «Бұл торғай»,-деп жауап бердім. Әр жауабымда құшақтап сүйіп, әкелік мейірімімді көрсетіп байсалды жауап беруге тырыстым».
Бұл 24 жасар жігітке 4 жасындағы оқиғаны еске салған әкесінің қойын дәптері-тұғын. Оқып болған соң мән-жайды енді түсінген бала, көңілі босап жылап қоя берді. Әкесіне «Ақымақ ұлыңды кешір, әке» деді өкінішпен жыламсырап. Әкесінің қолынан сүйіп, құшақтап қойды. Әрбір нәрсенің ескіретіні секілді, баласы да әкесіне деген қадір-құрметін, махаббатын бір жаңартып алғандай болды.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: kiscka.net, giper-forum.ru
Қ. Қауымбек