- Негізгі бет
- Психология
- Қайғыны құмға, қуанышты...
Қайғыны құмға, қуанышты тасқа...
Достар! Міне, осы сөздің өзіне біз көбіне мән бермейміз... Қит етсек, кетіп қалуға, араласпай қоюға шеберміз. Қаңқу сөз, жаман іс бола қалса, шешім жасауға, досымыздың жақсы-жаман екенін айтып, тұжырым жасауға құштармыз. Төмендегі жазбадан соң кешірімді, қайырлы болуға асығатыныңызға кәміл сенемін.
Көрші
Көршілер бірдей-ақ жағдайда, бірдей-ақ әлеуметтік жағдайда өмір сүріпті. Аязын сүйретіп бұлардың аулына қыс келіпті. Бірі әбден ұйықтап алып, далаға шықса, қар әлсін-әлсін түскен екен. Сүт пісірім уақытта қырып-тазалап біткен ол бір уақта көршісінің үйіне қарайды. Онда адам жүретін жол ғана тазаланғанын көріп, еріншектігіне басыпты деп үйіне кіреді. Екінші күні қар тазалауға шыққан ол көршісінің үйіне қарай көз тастайды. Әлгіндегідей адам жол жүретіндей ғана жер тазаланыпты. Бұл қайта еңбектеніп, қарды тазалаған соң, үйіне кіреді. Үшінші күні таң ертеңмен шығып, көршісінің үйіне қараса, сол адам жол жүретін жер тазаланып қойыпты. Таңданысын жасыра алмаған ол көршісінің үйіне барып, мән-жайды сұрамақшы болады.
- Сен мына қарды қашан тазалап үлгеріп жүрсің?
Сөйтсе, көршісі күлкісін жасыра алмай:
- Өй, досым-ау, мен қарды тазаламаймын, тек маған достарым көп келеді,-деген екен.
Асар
Жігіттік жасқа жетіп, үйленуге дайындық жасап жатқан баласы әкесінен көмек сұрайды. Уақыты жетпегендігінен барлық шақыру билеттерін жазып, таратуды әкесіне тапсырған ол өзге жұмыстарымен бас қатырады.
Үйлену тойы басталған кезде көп достарының ішінен бірен-саран адам ғана келіп, қонақ болыпты. Сонда баласы әкесіне ренжіп, не үшін таратпағанын сұрайды екен. Сонда әкесі барлық шақыру қағаздарын таратқанын айтып, ақталады. Әкесі тек шақыру қағазының мәтінін өзгертіпті. Шақыру қағазында мынадай мәтін болған екен – «Балама көмек керек. Асарға шақырамыз!»
Соққы
Екі дос бір кезде бәстесіп қап, бірі екіншісін соғып қалған екен. Соққы жеген досы құмның бетіне «Бүгін менің ең жақын досым мені ұрды» деп жазып қояды. Екі дос орманның ішімен келе жатып, өзенге тап болады. Оны жүзіп өтпек болғанда, әлгіндегі соққы жеген досы тұншығып, досын көмекке шақырады. Дер кезінде жеткен досы оны құтқарып алады. Сонда ол тастың бетіне қашап «Бүгін менің ең жақын досым мені өлім аузынан алып қалды» деп жазды. Сонда оған көмектескен досы айтады:
- Мен сені ұрғанымда неге оны құмға жаздың да, ал құтқарғанымда оны тастың бетіне қашап жаздың?
Сонда досы былай деген екен:
- Жақын достарымыз бізді ренжіткенде, оны жел сүртіп алатындай етіп құмға жазу керек, ал сол достарымыз бізге жақсылық әкелсе, оны ешқашан ұмытпастай етіп тастың бетіне жазуымыз керек.
P.S. Өкінішті құмға, қуанышты тасқа жазып үйренейік, достар!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: fresher.ru
А. Құлтай