Қайғылы кино да көңіл-күйді көтереді екен...
Көптеген адамдарға драмалық және трагедиялық кинолар несі үшін ұнайды? Міне, осы сұраққа Огайо университетінің психологтары жауап тапты. Олардың ойынша, аталған кинолар көбіне адамдардың көңіл-күйін көтеретін көрінеді. Бұндай қорытындыға студенттер қатысқан эксперименттен соң келіпті.
Зерттеу барысында анықталғаны, көрермендер қайғылы киноны көре отырып, өздерінің өмірілерімен қатар қойып, салыстырып отырады екен. Өйткені, олар да бақытқа барар жолда сүйіктілері арасындағы қарым-қатынасты басты орынға қоятын болып шықты. Психологтарды осы тақырыпқа тартып жүрген адъюнкт-профессор Сильвия Ноблок-Вестервиктің пайымдауынша, адамдар қайғылы, азапты киноларды көре отырып, өз өмірлеріне қуанатын көрінеді. Бірақ, ол қуаныштары ұзаққа бармайтын болып шықты. Себебі, киноның аты кино емес пе?!
Зертеушілердің сөзіне сенсек, қайғылы киноларды көре отырып, кез келген адам баласы өткен өмірге шомып, қатты ой-талқыға беріліп кететін көрінеді. Әрине, бірінші кезекте махаббаттарын ойлары сөзсіз. Қанша дегенмен, киноға қарағанда, өмірдегі болып жатқан оқиғалар ойыншық болып көрінбей ме?! Міне, сол үшін де болар, адамның қанша көз жасын шақырғанмен, трагедиялық кинолардың танымал болып қала беретіндігі...
Алайда, бұл қатарға өзімшіл адамдарды қосуға болмайды. Себебі, зерттеу барысында олар «менің басымда болмағаны қандай жақсы болған» - деп, киноның әсеріне беріле алмай қалған көрінеді. Оларға, тіпті, қайғылы кинолар еш әсер ете алмаса керек..
Осынау 361-ге жуық студенттер қатысқан зерттеуге "Өтелу" ("Искупление") киносының қысқаша нұсқасы ұсынылған. Және экспериментке қатысушы студенттердің кино алдындағы түрі (сезімдері) мен кинодан соңғы түрлері (сезімдері) қаншалықты өзгеретінін байқау үшін жіті назарға алынған. Нәтижесінде студенттердің көбісі кинодан соң, өмірге салқынқанды, ойлы көзбен қарайтын болыпты.
сурет: kino.kz