Қайдасың, көктем?

Көктемді күтіп күн санап жүрсіз бе? Далада әлі аяз тұрса да, көктемді жақындатып көріңіз. Бірнеше өзгертулер мен жаңашылдықтар сізді де, қоршаған адамдарды да қуантып, жайлы көңіл-күй орната алады. 

Гүлдер

Жұмыс орнына не үйге жаңа ашылған түрлі-түсті гүлдер қойыңыз. Әрине көктемнің сәні - қызғалдақ, алайда басқа да өзіңізге ұнайтын гүл шоқтары жарай береді. Гүлдер көктемгі көңіл-күйді қалыптастырып, кеңседегі әр аруға ерекше жылу береді. Ал жігіттерге 8 наурызды күтпей-ақ, осындай өтпелі кезде өз сүйгендерін гүлмен қуантуға кеңес береміз. Гүлдер жылуға бөлеп, жайдары көңіл сыйлайды.

Жарқын маникюр 


Жұмыстағы дресс-код рұқсат берсе, жарқын түсті маникюр жасаңыз. Бұған дейін тым жарқын, көзге түсетін түсті лак қолданбасаңыз да, қазір көзіңізге көрініп тұратын ерекше тырнақтарыңыз өзінен-өзі көңілді көтереді.

Ұсақ-түйектер 


Жұмыс орнында не үйде бір өзгеріс жасаңыз. Түрлі-түсті перде, жаңа қызық пішінді сағат, тіпті үйреншікті көк қаламды түрлі-түстімен алмастырыңыз. Үйдегі өзгертулер өз еркіңізде, алайда кеңсенің қабырғаларын сары түске бояуға рұқсат жоқ. Сондықтан ұсақ-түйектерге көңіл бөліңіз. Мысалы киім ілетін сап-сары ілгіш, құжаттар салатын жасыл қап, жаңа жарқын суреті бар стақан...

Есіңізде болсын, жайдары көңіл-күйдің сиқыры ұсақ-түйектерде. Көктемнің алғашқы лебі де солармен бірге келмек.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: artleo.com, liliya.kz, luxlux.net