- Негізгі бет
- Психология
- Қас ойлайтын кісіні...
Қас ойлайтын кісіні дос етіңіз
Әр күні таңертең барлық іс сәтімен басталады деген сеніммен ояныңыз. Үйден шығарда алда болар кез келген іске төтеп беретін толық сеніммен есіктен аттаған жөн. Ең бастысы – өзіңізге деген сенім. Ең көңілсіз істі алдымен істеуге дағдыланыңыз. Оны бітірген соң, өзіңізді жігерлендіруге тырысыңыз.
Зейін-зердеңізді бір жерге шоғырландырыңыз, бұл қолда бар жұмысты тындыруға зор септігін тигізеді. Кез келген жағдайда салмақты әрі жылы жүзді болуға тырысыңыз.
Өзіңізді жазғыра бермеңіз, мейлі қателік жасасаңыз да. Қайта сол қателікті мойындаңыз да, рухани зиянның орнын толтыруға құлшына түсіңіз. Үнемі өзін-өзі кінәлау мен жазғыру, шерлену бірден рухани ауруға шалдықтырады.
Жаныңыздағы адамдарға мұқият мәміле жасаңыз. Қарым-қатынаста кімге не айту керек екенін жақсы білген жөн.
Кез келген адамға көңілді бейне танытуға тырысу дұрыс емес. Әурешілікке тап болған кезде де солай істеген жақсы. Сонда ғана ұтымды шешімді табу қиын болмайды. Құр сөз бен қиял тез-ақ табысқа жеткізбейді. Барлық істен қорғанып, алаңдай бермеңіз, батыл кірісіңіз. Тек әрекет пен қозғалыс болғанда ғана мақсатыңызға жетесіз. Кең әрі кішіпейіл болған сайын өзгелердің құрметіне бөлену бақытына ие боласыз.
Ашу, ыза, кекшілдік, реніш. Бұлардың арты ешқашан жақсылыққа апарған емес. Біреуден көңіліңіз қалса, оны кешірудің амалын ойлаңыз. Себебі кешірмеу өзіңізге жаман.
1. Қан қысымын төмендетеді. Ашушаң адамдар басқалардың соққысына оңай ұшырайды. Мұндайда қан қысымын өлшеткен жөн. Мамандардың айтуынша: «Егер басқалар сізді ренжітсе немесе қателік жіберсе, кеңпейіл болып, кешіре білсеңіз, ашуыңыз басылып, қан қысымыңыз да қалыпты болады».
2. Рухани жүкті азайтады. Көңіл көзі тар адамдардың рухани басымдығы да ауыр болады. Өйткені олар көңіліне бүккен көп ісін ашып айта алмайды. Көңілінде бүкпесі жоқ кешірімшіл адамдар тұрмыс пен қызметте де көңілді болады. Сондықтан оларға түсетін қысым да аз болады.
3. Қас ойлайтын кісіні дос етесіз. Не істесе де басқаларға қастық ойлайтын, қасақана пәле іздеп тұратындармен ешкім отаса алмайды, егер кешірімшіл болсаңыз, басқалар да сізге кешірімшіл көзқарас ұстанады.
4. Ашуды тежейді. Көңілсіздіктен ешкім де жақсылық таппайды. Сондықтан мүмкіндігінше кешірімшіл болған абзал.
5. Жүрек соғысын орнықтырады. Әдетте адамның жүрегі минутына 70 рет соғады. Ашуланған кезде, әсіресе, біреумен бет жыртысқан кезде жүректің ритмі тездеп, жүрек қызметі ауырлайды. Сондықтан кешірімді болу жүрек қызметін қалпына түсіріп, көңіл-күйді орнықтырады.
6. Арақ, темекіден аулақ боласыз. Кейбіреулер қатты ашуланса темекі тартып, арақ ішіп құсасынан арылғысы келеді. Бұл денсаулыққа зиян. Ең дұрысы кешірімді болып, көңіліңізді кеңге салсаңыз, бұл мәселелер оңай шешілері хақ.
7. Күйіктен, мұң-шерден арылтады. Бірер істің байыбына бара алмайтын іші тар адамдар үнемі мұң басып жүреді. Кешірімшіл болсаңыз, бұл азаптан да аулақ боласыз.
8. Адамдармен тіл табысу оңайлайды. Кейбіреулер бірер іске душар бола қалса, егер өз себебінен болса басқалардан кір іздейді; басқалардың мәселесі болса айқұлақтанып шыға келеді. Мұндай адамдар жүрек ауруына оңай кіріптар болады.
9. Барыс-келісті кеңейтеді. Кешірімшіл, кеңпейіл адамдардың қоғамдық байланысы кең, достары көп болады.
10. Отбасы жарасымын сақтайды. Отбасында ерлі-зайыптылар қатынасы ақаусыз, отбасы байланысының басты дәнекері саналады. Ерлі-зайыптылар бір-біріне кешірімшіл болса, өзара бауырмалдық түсінігі арта түседі. Ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы жоқ. Тек кешірімшіл күйді ұстау қайшылықты шешудің кілті.
Г. Берік