Қарызға ақша бересіз бе? Менің анам бар өнегесін айтып отырушы еді. Оның ішінде ең көп айтылатыны «Қарыздақорда иман жоқ» деген тәлім. Адам ақшаға келгенде адалдығынан таймаса, қане...
Біздің елде, әрине, қарыз беру, алу бар. Жағдай мүшкіл болып, қарызға батып көрмеген жан да жоқ шығар. Қарыз беру көбінде адалдыққа келіп тіреледі. Ешқандай келісім-шартсыз-ақ жасалатын уағдаласудың артында қаншама реніш, өкпе қалады. Мен қарыз берме, я болмаса қарыз алма дегенге келтіріп отырғаным жоқ. Тек қарыз берерде мына бір жағдайларды бір қайтара ойлап алса жақсы:
Қарызға ақша беретін адамыңыз сіз үшін кім? Егер досыңыз ақша қайтара алмайтын болса сіз үшін ақша құнды ма әлде досыңыз ба? Егер досыңыз ақша бере алмайтын болса, қанша сомадағы ақшаны сіз «кешірім» ете аласыз? Қарыз ақшаның барлығы да ұмытылмауы үшін дәптерге жазылуы керек.Қарызыңызды уақытында ала алмай жүрген кезіңіз болды ғой? Рас. Мұндай уақытты шынымен де, ақша үшін өгіз күшін аямас досыңыздың өзіне ренжуіңіз мүмкін. Әрине, өкпе артуға құқыңыз да бар. Бірақ қазіргі айтылып жүрген заманауи сөздердің бірі «Досыңды да, ақшаңды да жоғалтқың келсе, оған қарыз бер» дегенге саяды. «Қарыз қатынас бұзады» деудің де бір шындығы бар. Егер сізге қарыз адам ақшасын уақытында бермесе, оған қайта-қайта хабар айтып, түкпірге тірей бермеңіз. Оның жағдайы көтермесе, досыңыз сіздің алдыңызда ұятты болмауы үшін ақшаның оңай жолын іздеуге кіріседі де, майда қылмысқа жол беруі әбден мүмкін. Оның орнына келесі бере алатын уақытын нақтылап алған дұрыс. Белгіленген уақыттан асып кеткен күннің өзінде сіз алашақ адамыңыз туралы басқа достарыңызбен қарызы және оны бермей жүргені туралы әңгіме қозғаудан аулақ болыңыз. Оның қарызды қайтару ойы егер сіздің ол жоқта айтып жүрген әңгімеңізді естіп қойған болса, өзгеріп қалуы ықтимал.
Түйін: Қарыз – қайырсыз іс. Егер шынымен де көмектескіңіз келсе, қарыз демей, бұл жақсылығыңызды еш қайтарымсыз жасағаныңыз жөн. Ар-намыс кодексі сіздің өміріңіз бен болашағыңызға тікелей тәуелді екенін де ұмытпағайсыз...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: infoarena.ru