- Негізгі бет
- Психология
- Қарым-қатынасқа кері әсерін...
Қарым-қатынасқа кері әсерін тигізетін кеңестер
Қарым-қатынас енді басталған сәтте не істерімізді білмей, айналамыздағы адамдардан кеңес сұрай бастаймыз. Бірақ барлық кеңес біз ойлағандай пайдалы емес. Керісінше, кей нәрселерді өз түйсігімізге сеніп жасау керек екенін ұмытпаған жөн.
1. "Жанжалдан қашып, төзіммен қарау"
Әрине, себепсіз жанжал дұрыс емес. Бірақ қарым-қатынасқа кері әсері тиеді деген оймен үнсіз қалу да оң шешім емес. Мәселелерді уақытында талқыға салмаса, ол реніш, өкпеге айналады. Жиналған реніш бір күні сыртқа шығатынын бәріміз білеміз.
2. "Ер адам алғашқы қадам жасауы керек, күт!"
Бұл – қоғам санасында қалыптасқан қате түсінік. Ер адамдар "жоқ" жауабын естуден қорқады, ал әйел баласы барлығын ер адам жасау керек деп біледі. Кейде алғашқы қадамды әйел адам да жасай алады. Ер адам мен әйел адам құқығы бірдей ғасырда өмір сүріп жатқанымызды естен шығармаған жөн.
3. "Cүйіктіңнің не істеп жүргенін біліп жүр"
Оның телефонына келген хабарламаны тексеріп, жеке почтасын оқу, әлеуметтік желілердің құпиясөзін біліп әрдайым аңдып отыру – жеке кеңістікке қол сұғу. Кейін адам өздігінен тығып және жасыра бастайды. Өйткені өзгені басқаруға тырысқан сайын, оның да айтатын өтірігі көбейеді. Сенім – қарым-қатынастың ең маңызды тірегі.
4. "Талаптарыңды азайт, әйтпесе жалғыз қаласың"
Әрине, ақ боз ат мінген ханзаданың болмайтыны айдан анық. Бірақ тек үйлену мақсатында кез келген адаммен өмір сүру ақылды шешімдердің қатарынан емес. Сондықтан әр адам өзіне не керек екенін нақты білуі тиіс. Талап қоя білу керек, сонда ғана өз адамыңызды жолықтыра аласыз.
5. "Қызғанбаса, сүймейді"
Қарым-қатынас құратындар арасында "қаш, ұстап аламын" деген ойын ойнайтындар бар. Неғұрлым аз көңіл бөлсе, екінші жартысы оған көбірек қызығушылық танытады. Қызғаныш тудыру арқылы құштарлық оятуға тырысады. Шынайы сезімді жасырған сайын, жұп арасындағы арақашықтық ұлғая береді.
6. "Әрдайым шындықты айту"
Шындықты әрдайым айта білу – маңызды. Бірақ әдептілік ережесін де ұмытпаған жөн. Әдейі алдау мен жақсылық үшін өтірік айту арасында айырмашылық бар. Кейде өтірік айту арқылы жақын жанның жүрегінің жаралануынан сақтап қалуға болады. Кейде артық уайымнан арылтасыз.
7. "Екінші мүмкіндік бер"
Кешіре білу – үлкен өнер. Дегенмен адалдыққа сызат түскен кезде екінші мүмкіндік берудің өз салдары бар. Екіншіден кейін, үшінші, төртінші кететінін де ұмытпаңыз. Ал адам көбіне "кешірімнің" қадірін түсіне бермейді.
8. "Сізді көбірек жақсы көретін адамды іздеңіз"
Психологияда кім көбірек жақсы көрсе, сол әлсіз деген түсінік бар. Сол себепті жұптар арасында біреу салқынқанды болып қалады. Бір күні ол салқынқандылық қарым-қатынасқа кері әсерін тигізеді. Кім әлсіз, кім күшті деп санасқанша, қасыңызда барды қадірлеп, оған бар махаббатыңызды арнаңыз.
9. "Үйленіп, балалы болыңдар. Ол қарым-қатыасты сақтап қалады"
Ең қорқынышты кеңестердің бірі – қарым-қатынасты ретке келтіру үшін балалы болу. Әдетте ол істі ушықтырмаса, көмектесе қоймайды. Отбасылы болуды жоспарлау мәселені шешу құралы болмауы тиіс.
10. "Жұбыңыздың талаптарына сай болу үшін өзгеріңіз"
Егер қарым-қатынаста өзіңізді бақытты сезінсеңіз, құлпыра түсетіңіз анық. Бірақ біреу үшін өзгеру, өзге біреудің рөлін ойнауға тырысу — мүлде бөлек Біріншіден, одан ешкім бақытты бола қоймайды. Екіншіден, психологияға үлкен салмақ түседі.