Өзен бойында жасы егде тартқан кісі балық аулап отыр. Қасына жүгіріп келген кішкентай бала оның балық аулағанын тамашалап, ұзақ жүрді. Шалдың балық аулау өнері керемет екен. Көп өтпей, ол шелегін толтырды да, қайтудың қамын жасады. Сүйкімді баланың ойын қумай мұнда жүргеніне таң қалып, қолындағы балық толы шелегін оған сыйлағысы келді. Бірақ бала басын шайқады. «Неге алмайсың?» деп сұрады шал. «Мен балықты емес, сіздің қолыңыздағы қармақты алғым келеді» деді бала. Шал: «Қармақты не істейсің?» деп сұрады, бала: «Мына балықтарды бір-екі күнде жеп тауысамыз. Ал менде қармақ болса, өмір бойы балық жеп өтеміз ғой, өзім келіп балық аулаймын» дейді.
Сіз бәлкім бала өте ақылды екен деп ойлауыңыз мүмкін. Қателесесіз. Ол шынымен де қармақты алса, бірде-бір балық аулай алмауы мүмкін. Өйткені, ол балықты қалай аулау керектігін білмейді. Қармаққа жем іліп, оны суға салып отырғаннан балық аулана қоймайды. Ондағы ең маңыздысы балық салу өнерін игерген-игермегендігінде жатыр. Көптеген адамдар өмір жолындағы «қармаққа» ие болғысы келеді. «Қармағы» бар адам кез келген дауылдан, боран-шашыннан қаймықпай өте алады деп ойлайды. Бірақ, лай суға батып, жығылып қалса, не істеу керектігін білмейді.
Қарапайым қызметкердің бастық болып кабинетте отыра берсе, байлық өздігінен ағылып келе береді екен деп ойлағаны сияқты, қармақ болса болды, балықтар шелекке келіп түсе бермейтіндігін кей адамдар пайымдай алмайды.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nicpic.com