Карьерист деген кім?

Бұған дейін циник, эгоист туралы айтып өткен едік. Бүгін карьерист туралы аз-кем әңгіме өрбітеміз. 

Сәттілік баспалдағымен өсіп, қызмет бабында жетістік жалауын желбіреткен кез келген адам туралы "карьерист" дей бермейді. Әлбетте, ол туралы "жетістікке жетті", "карьера жолы сәтті болды" деген сияқты әңгімелер айтылуы мүмкін. Ал "карьерист" сөзі мақтау сөз емес, керісінше, даттау сөзі деуге келеді. Өйткені, карьерист - қызмет баспалдағында қандай жолмен болса да, өсуді көздейтін адам. 

Карьерист - күрескер. "Гладиатор" киносындағы Максимус қолбасшы есіңізде шығар? Колизей мен Рим аренасына басқа гладиаторлармен бірге оны да ерлікпен қаза табуға жібергендегі қолбасшының іс-әрекеті карьеристің нақты анықтамасындай. Міне, осылайша карьерист өз қателіктерін екінші рет жібермеуге тырысып, біреудің қателіктерінен өз карьерасын құрады. 

Мен карьеристпін бе?

Әлбетте, жұмыс бабымен өсіп, жақсы жалақыға ие болуды кім арман етпейді дейсің? Дегенмен, карьерист қызметтік жолында адамгершілік, ар мәселесін екінші орынға ысырып тастап, көздеген мақсатына мезгілінен бұрын жеткісі келіп жанталасады. Яғни, карьеризм - адамның өмірлік құндылықтарының жүйесі, яғни бақытқа материалдық игілік тұрғысынан баға беру. 


Карьера барысында адамдар түр-түрге бөлінеді. Мысалы:

Билікқұмар. Билікқұмар адам үшін бірінші орында қызмет, титул. Француз ақыны Поль Валерии айтпақшы, "Жауыз күшті қолданбаса, билік әрін жояды". Профи - алдына қызықты кәсіби тапсырмалар қойып, өз ісінің мамандары арасында қолдауға ие болу үшін ұмтылады. Билікке құмар емес болса да, оның негізгі мақсаты - кәсіби білікті мамандар арасында өзін мойындату. 

Карьеристің бірі билікқұмар болса, бірі профи. Тереңірек үңілсек, карьеристке әр баспалдақты аттаған сайын оған түсетін пайда маңызды. Сондықтан оны "Мен карьеристпін бе?" деген сұрақ емес, "Маған карьера неге керек?" деген сауал көбірек толғандырады. 

Карьеристің ішкі күші мықты. Ұраны: "Дереу осы жерде!" Психологтардың айтуынша, олар тек жақсы қорытындыға сенеді. Яғни, өздеріне бек сенімді. "Таяқтың екі ұшы болатыны" секілді, карьерист болудың да екі жағы бар. Жақсы жағы - ол мақсатқа ұмтылғыш адам. Алдына нақты мақсат құрып, сол жоспардың жолымен жүреді. Сондай-ақ, тәуекелге баруға дайын. Ішкі түйсігіне сеніп, басын бәйгеге тігеді. Жағымсыз тұсы - осы жолда кесе-көлденең  тұрған кез келген адамды итеріп жіберіп, адамгершілік сезімінен аттап өту олар үшін түк емес. 

Сіз карьеристсіз бе? Карьерист болған дұрыс па, бұрыс па? Не дейсіз?

Сурет: newme.biz, manchick.ru