- Негізгі бет
- Психология
- Карантинді күйзеліссіз өткізу...
Карантинді күйзеліссіз өткізу үшін...
Карантин кезінде үйде «қамалып» отыру кей адамдарды күйзеліске шалдықтырады. Бұл уақытша кезеңді күйзеліссіз өткеруге көмектесетін пайдалы кеңестер ұсынамыз.
Дүрлікпеңіз
Өкінішке орай, қазір жиі өтірік ақпараттар тарайтын заман. Ғаламтордағы барлық «қорқынышты» хабарға сене бермеңіз. Егер жағдайдың қалай өрбіп жатқанын білгіңіз келсе, сенімді әрі беделді ақпарат көзін ғана оқыңыз. Әлеуметтік желілердегі ақпараттарды оқымауға тырысыңыз, себебі олар көбіне өтірік болады және қорқыныш ұялатады.
Егер өз ойыңызды тыныштандыра алмасаңыз, медитация жасаңыз. Бірнеше рет терең тыныс алыңыз және ойларыңызды ретке келтіріңіз. Үйде отырып, өзіңізді қорғайтыныңызды және вирустың таралуын тоқтатуға үлес қосқаныңызды түсініңіз.
Жұмыс процесін ұйымдастырыңыз
Егер үйден жұмыс істесеңіз, өзіңізге жұмыс орнын жасап алыңыз. Күн тәртібін дайындаңыз. Күнде бір уақытта тұрып, бір уақытта жатыңыз. Егер бұрын жұмысыңыз 18:00-де аяқталса, үйде де сол уақытта ноутбукті жабыңыз. Егер кешке дейін жұмыс істеп отыра берсеңіз, көп ұзамай энергияңыз таусылып, күйзеліске ұшырауыңыз әбден мүмкін.
Белсенді үзілістер жасаңыз
Төрт қабырғаның ортасында отырсаңыз да, қозғалуға тырысыңыз: жаттығу жасаңыз және созылыңыз. Қазір Youtube желісінде үйден шықпай-ақ спортпен айналысуды үйрететін сабақтар көп. Олардың көпшілігіне арнайы құралдар да қажет емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, отыру және жату уақытын барынша азайту керек. 30 минутта аз дегенде бір рет тұру керек. Денсаулықты қалыпта ұстау үшін аптасына 150 минутты физикалық белсенділікке жұмсау қажет. Ол дегеніміз – күніне 20 минуттан көп уақыт жаттығу жасау. Сондай-ақ үйдің ішінде болса да, көбірек жүруге тырысыңыз. Мысалы, телефонмен сөйлескенде үйдің ішін айналып жүріңіз.
Өз-өзіңізді дамытумен айналысыңыз
Бұрын кейінге қалдырып жүрген нәрселерді карантин кезінде орындауға мүмкіндік бар. Мысалы: ағылшын үйрену, жаңа фильмдер мен сериалдар қарау, кітаптар оқу және т.б.
Дұрыс тамақтаныңыз
Карантин – артық салмақ қосатын уақыт емес. Жаңа рецептілер бойынша тамақ дайындап көріңіз. Өзіңізге және жақындарыңызға арналған үйлесімді рацион құрыңыз. Таза суды жеткілікті мөлшерде ішіңіз, ал құрамында қанты бар және газдалған сусындарды сатып алмаңыз.
Салмақ қосуға ықпал ететін 5 әдет
Жақындарыңызды ұмытпаңыз
Қазір туыстарыңызға қонаққа бара алмайсыз және достарыңызбен кездесе алмайсыз. Бірақ оларға телефон шалып, жағдайларын сұрауды ұмытпаңыз. Әсіресе, жасы ұлғайған туыстарыңызға хабарласып, олардың үйде отыруын сұраңыз, барлық азық-түлігінің жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз және қолдаңыз.
Үй тазалаңыз
Қазір ескі киімдеріңізді реттеуге және балконды жинауға уақыт бар. Сондықтан күнде бір істен бітіріп отырыңыз. Үйдегі заттарды біртіндеп реттеу сізді болып жатқан жағдайдан алаңдатады және көптен бері қолыңыз тимей жүрген шаруалар жасалады. Ал үйді жиі ылғал тазалау мен желдету – коронавирустан сақтану шараларының бірі.